Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болған шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚХА және аймақтық ассамблея мүшелері, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері мен студенттер сынды жалпы саны 5 мыңнан астам азамат қатысты. Акцияда түрлі өнерлі жастар концерттік бағдарламалар ұсынса, этномәдени бірлестіктердің әншілері Шәмші әндерінен попури орындады. Салтанатты кездесуде сөз алған өңір басшысы, облыстық ҚХА төрағасы Ж.Түймебаев ырысты ынтымақ пен берекелі бірліктің бастауы болған Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне шолу жасап, бірқатар салалардағы жұмыстарға тоқталды. «Тәуелсіздік жылдарында облыстың экономикалық әлеуеті көтеріліп, халық саны 1 миллион тұрғынға көбейді. Өнім көлемі 90 жылдардағы 40 млрд. теңгеден, 2015 жылы 2,5 трлн. теңгеге артты. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 3,3 трлн. теңгеге жетті. Білім беру саласында 491 жаңа мектеп, 1491 мектепке дейінгі ұйым, 347 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. 9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болды», — деді Ж.Түймебаев. Акция барысында «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Респуликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» — «Достижения молодежи «Мәңгілік Ел» к 25-летию Независимости Республики Казахстан» кітабы салтанатты түрде облыс жастарына тапсырылды. Кітапта Тәуелсіздік жылдары жастардың қол жеткізген жетістіктері, өңірлерде оларға жасалған қамқорлықтар, сонымен қатар, «Мәңгілік Ел» Патриоттық идеясының біріктіруші рөлін және өңірлердегі жастардың ел Президенті – Ұлт көшбасшысына қолдауын көрсететін үндеулері жазылған.