Білімді де білікті маман бүгінде аса сұранысқа ие. Олардың сол жеткен жетістігімен тоқтап қалмай ары қарай да ілімі мен білімін жетілдіріп отыруы заман талабы. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясы Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет Ресей Академиясының корпоративтік басқару жоғарғы мектебінің (одан әрі -РФ Президенті жанындағы ХШ және МҚРА КБЖМ) академигі Абел Аганбегян мен Ресейдің еңбек сіңірген экономисті, экономикалық ғылымдарының докторы және аталған оқу орнының деканы С.О. Календжянмен кездесті. Мәртебелі меймандар кездесуде РФ Президенті жанындағы ХШ және МҚРА КБЖМ-і Оңтүстік Қазақстан облысымен байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, өңірдегі кадрлардың біліктілігін арттыруда бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену үшін түрлі салаларда білікті кадрлардың болуы керектігіне тоқталған облыс әкімі, аталған оқу орнының жоғары білікті жетекшілерінің ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Аталған жоғарғы мектеп Ресей мен ТМД елдері арасында басқарушы кадрларды оқытудың корпоративті бағдарламаларын жүзеге асыруда 20 жылдан астам уақыттан бері бизнес-оқытуда көшбасшы болып табылады. ХШ және МҚРА КБЖМ ҚР әріптесі болып табылатын «Дипломат» консультатциялық тренинг орталығы» ЖШС-мен бірлесіп оқыту бағдарламаларының түрлі курстарын жүргізді. Алдағы уақытта екі жақты жоба бойынша кадрлардың біліктілігін арттыру жүзеге асырылатын болатын. Бұл өз кезегінде өңіріміздегі мамандардың заман талабына сай білімді болуына жол ашпақ.