Бұрындары тек өзге елдердің тұқымбағынан көшет алып келіп отырғызу үрдіс алған-тын. Бүгінде өз өңіріміздегі тұқымбақтың өнімін тұтынып қана қоймай сырт елдерге саудалап отырмыз. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінің жұмыс барысымен танысты. Соңғы әлетте тұқымбақта өсіріліп жатқан көшеттерді аралап көрді. Тәлімбақтың аумағы атшаптырым. 60 гектарды алып жатқан тәлімбақта бүгінде 3,5 млн. түптен астам ағаш көшеттері өсірілуде. Үш учаскелік бөліктен тұрады. Тұқымбақта қылқан жапырақты, декоративті, жеміс ағаштары мен бұталардың 40-тан астам түрі егілген. Сеппе және тікпе көшеттерге тұрақты түрде күтіп, баптау жұмыстары жүргізіліп, сұранысқа ие көшеттердің түрлерімен толықтырылып отыр. Биыл мекеме тұқымбағында 912 мың түп өскін жаңадан отырғызылған. Облыс әкімі осындағы қылқан жапырақты және декоративті ағаштардың биіктігі 2,5 метрден асатын сұрыптарын Шымкент қаласының орталығындағы 26 көшеге отырғызуды тапсырды. «Халық тығыз қоныстанған Шымкент қаласында автокөліктердің саны да көп. Сондықтан экологияны сақтап, табиғи балансты реттеу үшін Шымкентті жасыл қалаға айналдырып, атына лайықты етуіміз керек. Шаһардың көркіне сән беретін түрлі декоративті ағаштардың санын көбейту үшін осы тұқымбаққа жаңа көшеттерді егу керек»,-деді әкім. Шымкенттің көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берген аймақ басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын ескертіп, алдағы уақытта қалада бірнеше шағын бақтар (скверлер) салынатынын жеткізді. Басқарма басшысының айтуынша, «Жасыл желек» тұқымбағынан қалада отырғызуға сай келетін шамамен 100 мың ағаш көшетін алуға болады.