Бүгінде жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын-алу мақсатында түрлі бағыттағы ақпараттандыру түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жастардың жаман әдеттерден бойын аулақ салуына септігін тигізері сөзсіз. Жуырда Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық орталық ауруханасының мамандары аудандағы А.Гайдар мектебінде «Нашақорлық -қоғам дерті» тақырыбында 8-9 сынып білім алушылармен тренинг өткізілді.
Түлкібас аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері, атап айтқанда нарколог Г.Есеева, Салауатты өмір салтын ұстану бөлімінің маманы Л.Ермағанбетова, психолог А.Зайшыбекова және дәрігер Қ.Сейдуахам оқушыларға дәріс оқыды.
Бұл тренинг оқушылардың нашақорлықтың зияны және нашақорлықтың зардаптары туралы хабардарлығын арттыруға бағытталды. Дәрігерлер мен мамандар нашақорлықтың алдын алу, оның белгілерін қалай тануға болатыны және бұл қиындықты болдырмаудың немесе жеңудің қандай жолдары бар екендігі туралы өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті. Жастарға нашақорлықтың зияны туралы түсінік беріп, кеңінен әңгімеледі. Салауатты өмір салтын насихаттауда мұндай шаралардың маңызы зор екендігі белгілі.
Іс-шараның мақсаты өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстану туралы білімдерін арттыру, соның ішінде темекі шегудің, қанты көп сусындардың зияны, дұрыс тамақтану және стресстің алдын алу туралы кеңестер беру болды. Сондай-ақ есірткіге тәуелділіктің жаһандық дерт ретінде таралуына жол бермеу, сондай-ақ Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында ескерту жарияланды.
Сонымен қатар, оқушылар арасында психологиялық тұрақтылық пен эмоционалды бақылау қабілеттерін дамытуға бағытталған психологиялық тренинг өткізілді. Іс-шараның маңызды бөлігі нашақорлардың қайғылы тағдырын бейнелейтін фотосуреттерді көрсету, сол арқылы нашақорлықтың ауыр зардаптары мен оның өмірге деструктивті әсерін атап өтті.
Мұндай іс-шаралар жастардың есірткі және басқа да зиянды әдеттердің зияны туралы хабардарлығын арттыруға, сонымен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыруға және өзін-өзі қорғау дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Сондай-ақ басқа да зиянды заттардан аулақ болуын ескертті. Нашақорлықтың құрсауынан құтылу оңай еместігін алға тартты. Жаман әдеттерден аулақ болудың басты шарты бос уақытты тиімді пайдалану екендігін де ескерте кетті. Салауатты өмір салтын сақтау үшін тек пайдалы тағамдар қолданып, спортпен айналысуға шақырды.