Алапат тасқын болса да, өрт орын алған жағдайда да төтенше жағдайлар қызметкерлері мен медицина қызметкерлері алғы шепте жүріп жұмыс атқаратыны белгілі. Осындай қауіп қатерлердің алдын алу, дайындық барысын пысықтау үшін бүгінде «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілуде. Осындай шара барысында шұғыл медициналық санитариялық көмек қалай көрсетілетіндігі де пысықталды.
Тосын апаттардың, тілсіз жаудың алдын алу және табиғи апаттар туындаған кездегі іс-қимылдарға басқару органдарының, азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдарының дайындық деңгейін арттыру мақсатында Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы Тұрбат ауыл округінде «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Аталмыш шара барысында апат орын ала қалған жағдайда қалай әрекет ету қажеттігі барынша пысықталды. Аталмыш іс-шараға Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының меңгерушісі Б.Сланов, мамандандырылған бөлім меңгерушісі М.Сапарбекұлы, аурухананың бас медбикесі А.Жұбатова және Тұрбат БМСКО-ның аға дәрігері Д.Әлтенов қатысты. Олардың барлығы осы маңызды шараны ұйымдастыруға және өткізуге зор үлес қосты.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі төтенше жағдайларға жедел ден қою болды. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының 4-санатты жедел жәрдем көлігі шақыртуларға дереу барып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінің арқасында зардап шеккендер әрі қарай емдеу және бақылау үшін арнайы жабдықталған медициналық орталыққа жылдам жеткізілді.
Мұндай іс-шаралар медициналық қызметтердің төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығының жоғары деңгейін көрсетеді және барлық медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап көрсетеді. Олар әр пациентке тиімділік, біліктілік және қамқорлық үлгісін көрсете отырып, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты рөл атқарады.
Күйік шалған адамға шұғыл түрде хирург дәрігер И.Салихов, Реаниматолог дәрігер Б.Балғабай, жарақат бөлімін медбраты П.Сәрсенбай көмек көрсетіп, тәуліктік стационарға жатқызылды. Стационарда ары қарай ем шара жүргізілді және психолог маманы Т.Әліпбай мен П.Иманқұлов психологиялық көмек көрсетті. Атаулы оқу-жаттығуларға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жолдасов Зұлыпхар Сансызбайұлы, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Төлешов Асқар Дәулетбайұлы, Қазығұрт ауданы әкімі Исмаилов Азизхан Азимханұлы қатысты. Аталмыш бағыттағы іс шара өңірімізде жыл сайын өткізіліп тұрады. Соның арқасында күштік құрылымдардың дайындығы пысықталып отырады. Бұл өз кезегінде әрдайым қандай жағдайға болмасын дайын тұруға, қандай жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін пысықтайды. Тілсіз жау болып саналатын өрт пен судың салдарынан биыл еліміздің солтүстік облыстарды біраз әбігерге салғаны белгілі. Осы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге түркістандық төтешеліктер барын салды. Медицина мамандары да қолдан келгенінше қажетті заттай көмек жинап, аттандырды. Сақтық шараларын жасап, төтенше жағдайларға барынша дайын болу мемлекеттік құзырлы органдар мен азаматтық құрылымдардың басты міндеті екендігі белгілі. Бұл шарадан медицина мамандары да алғы шепте болып, көмек қолын созады.