Түркістан облысына қарасты Сауран ауданында 200 орындық оңалту орталығының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аталмыш нысан Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінде орналасқан. Орталық ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған кешенді психологиялық — медициналық көмек көрсететін ұйымдарының бірі болып табылады. Мұнда мүгедектерді оңалту және бейімдеу жүйесін жасап, оларды қоғамға әлеуметтендіру, мүгедектерге жан-жақты әлеуметтік-медициналық, психологиялық және еңбекке баулумен оңалту көмектері көрсетіледі.
Оңалту орталығы әртүрлі оңалту бағдарламаларын, соның ішінде емдік дене шынықтыру, емдік жаттығулар, логопедтік және басқа да терапия түрлерін жүргізуге қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталады. Қажет болған жағдайда науқастарға тамақ пен жатын орын да беріледі. Бұл орталық аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жүйесінің маңызды орталығы болып табылады, оларға барынша жағдай жасалынбақ. Арнайы мекеме мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, оларға емдік шаралар көрсетеді. 2021 жылы құрылысы басталған нысанның мердігері – «Шымкент Құрылыс» ЖШС-і. Орталықтың жалпы аумағы – 12,7 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ блоктардан тұратын нысанда сауықтыру-жүзу бассейні, спорт залы, 3 қабатты емдеу корпусы, ас блогы, 3 қабатты стационар бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту үшін барлық жағдай жасалмақ. Сауықтыру – жүзу бассейнінің өзі арнайы стандарт бойынша жасалған. Емдеу корпусында емделушілер үшін сауықтыру шаралары жасалатын болады.
Алдағы уақытта оңалту орталығы мамандарының бақылауымен белсенді өмірге оралу ықтималдығы еселеп артатын болады. Мекемеде әртүрлі саладағы өз ісінің жоғары білікті мамандары қызмет атқаратын болады. Мамандар ұжымы ем алушыларға жағдайын бірлесіп талқылау нәтижесі бойынша түзету дамыту жұмысының бағытын анықтайды және түзету іс-шарасының жоғарғы нәтижесіне жету үшін жеке дамыту бағдарламасын құрады деп жоспарлануда. Әрбір пациент оның жеке ерекшеліктерін, қажеттіліктері мен мақсаттарын ескере отырып, жеке оңалту тағайындалатын болады. Мамандар әр науқастың даму барысын бақылап, оның өзгеретін жағдайына сәйкес бағдарламаға түзетулер енгізеді.
Оңалтудың кешенді тәсілінің арқасында пациенттер физикалық және психологиялық жағдайын жақсарта отырып, белсенді өмірге қайта оралады. Мамандардың жұмысы тек дене функцияларын қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар пациенттердің өмір сүру сапасын және әлеуметтік бейімделуін жақсартуға бағытталатын болады. Оңалту орталығы пациенттерге толыққанды өмірге оралуға көмектесе отырып, табысты оңалту үшін барлық қажетті қызметтер мен жағдайларды қамтамасыз етпек. Қазіргі таңда нысанда құрал жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс ағымдағы жылдың маусым айының соңында дейін аяқталып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгеріміне беріледі деп күтілуде. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті тұрғындардың біліктілігін арттыру және жұмыспен қамтуды жақсарту үшін оқу бағдарламалары мен курстарын ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасының дамуына септігін тигізеді.
Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, халықты әлеуметтік және жұмыспен қамту мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Құрылыс процесі мен жабдықтың барлық мерзімдері мен тапсырыс берушінің талаптарын қанағаттандыру үшін үнемі бақыланады. Емдеу орталығы алдағы уақытта ерекше қажеттілігі бар жандар үшін барлық жағдайы жасалған орталыққа айналмақ.