Бүгінде Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданында 1 — аудандық орталық аурухана, 12 — дәрігерлік амбулатория, 28 — фельдшерлік акушерлік бекет, 8 — медициналық бекет және 4-санаттағы жедел медициналық көрсету бекеті қызмет етіп келеді. Олардың барлығы да тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамту үшін барын салуда.
Емдеу мекемелерінде жоғары білікті дәрігерлер қызмет етеді. Аудандық шеңберде (мамандандырылған бағыттарда) тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық бір аусымда қуаттылығы 560 пациентті қабылдауға мүмкіндігі бар, науқастардың стационарлық емделуіне 195 төсек-орынды тәулік бойғы стационар мен 116 төсек-орынды күндізгі стационар, жедел медициналық көмекті 49 емдеу профилактикалық мекемелері қызмет көрсетеді. Жедел медициналық көмекті қажет ететін науқастарды қабылдап, ота жасап, отадан кейінгі оңалту шаралары бір мезетте көрсетіледі. Аса күрделі оталар бүгінде аудандық ауруханада жасалуда. Білікті дәрігерлердің арқасында күрделі оталар сәтті өтуде.
Гүлдария Шардарбекова, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері: «2024 жылы 189 765 тұрғын дәрігерлік қабылдауда болды. Осы қабылдауда болған тұрғындар арасында алғашқы рет анықталған науқастар саны 5990 тұрғын болды. Диспансерлік науқастар есебінде 9019 тұрғын есепте тұрады, 195 орындық тәулік бойғы стационарда 3425 тұрғын ем қабылдаса, 116 орындық күндізгі стационарда 2519 тұрғын ем қабылдаған».
Ауданның бас дәрігері сондай –ақ 2024 жылы ауданда 532 сәби дүниеге келгенін тілге тиек етті. Негізінде Бәйдібек ауданында алтын құрсақты аналардың мекені деуге болады. Мұнда алтын алқалы батыр аналардың қатары көп. Кейінгі буын келіндер де алдыңғы буын аналардан үлгі алып, ізгі жолды жалғап келеді. Отбасында 6-7 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған батыр аналар қатары көп. Жылжымалы медициналық кешенмен 12 541 тұрғын медициналық тексеруден өткізілді. Аталмыш кешеннің арқасында ауыл тұрғындары Ультрадыбыстық зерттеулер мен ЭКГ сынды құрылғылардың көмегімен тексеруден өтті. Бұл ауыл халқы үшін тиімді жоба болып отыр. Облыс орталығына барып, емделуге, тексерілуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін бұл әрине пайдалы болуда. Дәл қазіргі уақытта Бәйдібек ауданында емдеу мекемелерінің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда.
2022 жылы Алғабас ауылдық округі, Шақпақ ауылындағы «Алғабас» дәрігерлік амбулаториясы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, ол 2023 жылы басталды, 2024 жылы аяқталады. Бас мердігер «СК Эко строй групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілуде. Аталмыш жұмыстарға ауыл тұрғындары тартылған. Сондай-ақ құрылыс материалдарына тек отандық өнімдер қолданылуда. 2023 жылы Боралдай ауыл округі, Боралдай ауылында орналасқан «Боралдай» дәрігерлік амбулаториясына күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттар дайындалып, 2024 жылдың мамыр айында жұмыстар басталды. 2025 жылы пайдалануға берілмек. Аталмыш құрылыстың бас мердігері Gostriktioh Group «Samruk». Сондай-ақ, Ағыбет ауылдық округі Ағыбет ауылынан, Алмалы ауыл округі Жарықбас ауылынан дәрігерлік амбулатория құрылыс нысандары және Ақбастау ауыл округі Тұрақты елді мекенінен және Жамбыл ауыл округі Шыбыт елді мекенінен медициналық тірек құрылыс нысандарын салу 2025 жылға жоспарланып отыр. Бұл нысандар бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы «Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тарапынан әр соғылатын құрылыс нысанға ауыл әкімшіліктерден жер телімін беру туралы тиісті шешімдер шығарылып, тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актілері алынып, сәулетті-жоспарлау тапсырмалары (АПЗ) дайындалып, Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасына жобалық-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) дайындау үшін жолданған. Осылайша ауданда медициналық емдеу нысандарының қатары көбеймек. Бұл өз кезегінде ауыл халқын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету қолға алынған ауқымды жобалар. Ал бар нысандардың өзіне ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.