Кітап – ізгілік пен руханилық айнасы. Кезінде әр қазақтың үйінің төрінде жеке кітапханасы болған болатын. Оқымысты азаматтарымыз дархандық жасап, үйіндегі кітаптарын көпшіліктің игілігі үшін рухани орда деп кітапханаға сыйлаған. Мұндағы мақсат-халықтың рухани байлығын дамытып, кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, оқырман мен кітапхана арасын нығайту. Себебі, кітапхана — кітаптарды бүгінгі оқырманға пайдаландыра отырып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп келе жатқан киелі орда. Кітапханаға кітап сыйлау — сауапты іс дейді халқымыз. Биылғы жылдың өзінде Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық орталық кітапханаға көксарайлық тұрақты оқырман Жанысбеков Оразхан Кенжеғұлұлы мен Ахмет Әбутәліп 16 дана кітап сыйласа, ауданымыздың Құрметті азаматы, тарихшы, өлкетанушы Абдолла Жұмашов 10 дана кітап сыйлады. Сонымен қатар белсенді оқырман Есенгелді Диханбайұлы 15 кітап сыйлап, кітапхана қорының молайуына өз үлестерін қосты және де сирек кездесетін бес кітапты тарту етті. Көңілі дархан оқырмандарымызға алғысымызды білдіре отырып, жеке оқырманның кітапханаға кітап сыйлауын «кітапты мәңгілік мұраға, қоғамның игілігіне айналдыру» деп түсінеміз. Кітапхана ұжымы тұрғындардың қолдарында сирек кездесетін 1941 жылға дейінгі ескі кітаптар болса, кітапханаға сыйға тартуға шаөырып отыр. Кітап қорының артуына үлес қосатын оқырмандар болса асыға күтуде.