Ұстаздық ету — ұлы қызмет, ұлы іс. Ұстаздың ұлылығы шәкіртінің бойына сіңірген білімі мен адамгершілікке баулуында, болашағына берген бағдарында, тұлға боп қалыптасуы үшін жасаған орасан зор еңбегінде болса керек. Осы тұста Б.Момышұлының » Ұстаздық — ұлық емес, ұлы іс» деген қанатты сөзі дәл айтылған. Алғаш шәкірт боп мектеп табалдырығын аттағаннан түлекке айналып соңғы қоңырауға жеткенге дейінгі кезеңде әрбір ұстаз шәкіртін үлкен өмірге дайындайды, білім көкжиегін кеңейтеді, ақ пен қараның аражігін танытады, шабытын шыңдайды, зияткерлік әлеуетін дамытады.Ұстазға деген махаббат пен құрмет хақында күнді күнге жалғап айта беруге болады. Осындай алғыс пен мадаққа әбден лайық ұстазымыздың бірі — Асилова Роза Серикбаевна. Жетекшілік еткен жеті жылында жетпіс ғұмырға жететін білім мен тәрбие бере білді. Ұстазым Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданындағы Еңбек мектебінде қызмет етеді. Роза Серикбаевнаның шәкірттері қоғамның әртүрлі саласында қызмет етіп, жетістіктерге жетіп жүр. Рухы биік, бәсекеге қабілетті, ұлттық кодтың қорғаушысы болар жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ерен. Ұстазымыздың әрбір ісі берекелі, еңбегі өнімді болсын! Өзіңізге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз! Диана Әшірбек