Ұстаздардың еңбегі зор. Шәкірттеріне білім нәрін себумен қатар, тәрбиесімен де айналысып, қоғамның дамуына зор үлес қосып жүр. Күні кеше Түркістан облысына қарасты Арыс қалалық мәдениет үйінде 2023 жылдың 7 қазан күні “Ұстаз — ұлы тұлға!” атты мерекелік іс-шара үлкен деңгейде аталып өтті. Салтанатты іс-шараны қала әкімі Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы ашып, білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. «Құрметті, Арыс қаласының ұстаздар қауымы! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің ертеңі сіздердің қолдарыңызда кәсіби құзіреттеріңізді сәт сайын дамытып, шыңдала беріңіздер, ұстаз деген ұлы атқа лайықты бола беріңіздер! Сіздер тек қана білім нәрімен сусындатушы ғана емес болашағымыздың негізін қалаушысыздар. Сондықтан сіздерге қандай құрмет көрсетсекте көптік етпейді», деді. Қала әкімі білім саласында ұзақ жылдан бері талмай еңбек етіп, табыстарға қол жеткізіп жүрген бірқатар ұстаздарды марапаттады. Атап айтқанда, «Арыс қаласын дамытуға қосқан үлесі үшін» 5 ұстаз медалімен марапатталса, 4 ұстазымыз ҚР Оқу-ағарту министрінің наградаларымен ұлықталды. Бұдан бөлек, білікті ұстаздарға облыстық білім басқармасы 14 ұстазымызды және қалалық мәслихаты 12 ұстаздарымызға Алғыс хаттары табысталса, «Amanat» партиясының Алғыс хатымен 4 ұстазымызды марапатталды. Білім бөлімінің басшысы Момбеков Әшімхан Тілеуханұлы білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздарды құттықтап, ардагер ұстаздарына гүл шоқтары берілді . Сонымен қатар Арыс қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Мухаев Жұматай Ишантайұлы еңбегі сіңген қызметкер төс белгісімен және облыстық білім басқармасының құрмет грамотасымен бірнеше ұстаздарды марапаттады. Мерейлі мерекеде ұстаздардың марапатталғаны әріптестеріміз үшін үлкен қуаныш, — деді Арыс қаласының білім бөлімінің басшысы Момбеков Әшімхан Тілеуханұлы. Салтанатты шара соңы қаламыздың өнерпаздарымен қатар ұстаздар мектеп оқушыларының мерекелік концертімен қорытындыланды.