Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы, Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғ. Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының қызметкерлері бірқатар білім ордалары мен балабақшаларға барып, жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымызды, тәрбиешілерді кітапхана басшысы Құдайбергенова Ақмарал Асанқызының атынан алғыс хат табыстап, төл мерекелерімен құттықтап қайтты. Кітап оқу мәдениетін насихаттап жүрген ұстаздар қауымы қандай құрметіңізге де лайық. Осындай мерейлі мерекеде Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұжымы атынан дендеріне саулық, отбасыларына амандық, әрбір бастамаларына сəттілік тіледі. Шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтар арта беруіне тілектестік білдірді.