Шығармашыл мұғалім – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, әрі өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол болашақ білімді де тәрбиелі жастарға білім нәрімен сусындатып, іргетасын қалайтын әмбебап маман. Сондай-ақ жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты. Бүгінгі күні мемлекетіміз дамыған қуатты мемлекеттермен тең болу үшін жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім-білігін дұрыс жолға қою жолында білім саласына үлкен өзгерістер енгізіп, педагогтардың кәсіби деңгейі мен біліктілігін үздіксіз жетілдіруді жүзеге асыруда. Осы бағыттағы жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Оқушы құлшынысын ұдайы дамытып, әрбір өтетін сабағын жаңаша ұйымдастырып, оқытудың озық әдіс-тәсілдерін қолдана білгенде ғана оқушылардың ізденімпаздық қабілеттері арта түсетіні белгілі. Осы орайда, басты мақсат — бастауыш сатыдан бастап баланың тілін, ой-өрісін, қиялы мен шығармашылығын дамыту арқылы, заман талабына сай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру қажет. Білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылым мен тәжірибеге негізделген жаңа идеялар мен жаңа инновациялық технологияларды зерттеп, оны өз іс-тәжірибемізде қолдану арқылы оқу-тәрбие процесінде шығармашыл білімді тұлғаның дамуына мүмкіндік беріледі. Түркістан облысына қарасты Арыс қаласының білім бөліміне қарасты №1 Е.Молдабаев атындағы мектеп интернатында көпжылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаздар, пән мұғалімдері және бірлестік жетекшілерінің қатысуымен «Шығармашыл ұстаз — білім мен тәрбиенің бұлағы» тақырыбында шебер сынып өтті. Мақсат — балаларды білімге қызықтыра отырып, болашағын жоспарлауға көмектесіп, нарық заманында белгілі бір кәсіпке бағдарлап, бағыттау. Ұстаздық жолында еліміздің болашағына үлес қосып, сапалы білім, саналы тәрбие алған шәкірт бойындағы табиғи дарынына қанат бітіру, оқушының жан дүниесін түсініп, өнерге баулу. Шебер сынып барысында мұғалімдер тақырып бойынша презентация қорғап, өз тәжірибелерімен бөлісті.