Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының білім бөлімінің «Оқу-өндірістік комбинаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде заман ағымына және еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи кәсіптер туралы ақпарат беру, жастарды сол кәсіп түрлеріне баулу, үйрету мақсатында аудандық білім бөлімінің келісімімен биылғы оқу жылында «Мобилография» кәсібі ашылып, қызығушылығы мен қабілетін және оқушылардың бейіні ескеріле отырып алғашқы топ құрылды. Бұрын адамдар фотоаппарат көмегіне жүгінсе, бүгінде телефон арқылы әр сәтті өздері таспалай береді. Бұл салаға деген сұраныс әсіресе, жас буын арасында айтарлықтай жоғары. Бүгінде әлеуметтік желілерді белсенді қолданатын жастар өздерінің профильдерінде жағымды әсер қалдыру мақсатында айрықша фотосуреттерді түсіріп, оны өңдеуді үйренуде. Дегенмен, кәсіби жабдықпен түсіру және монтаждау көп уақытты қажет етеді. Сол себепті, сапалы суретті күнделікті қолымызда жүретін смартфонармен түсіру оңай болмақ. Мобилографтардың кәсіби мамандардан артықшылығы материалды жылдам беруінде. Мықты мобилограф болу үшін ең алдымен сапалы видеоролик жасап шығаруға камерасы жақсы жабдықталған смартфон, күшейтілген жарық пен дыбыс қажет. Ал, ағайы оқушыларға суретті түсіру және оларды монтаждауды үйрету жұмысымен қызу айналысуда. Көздің жауын алатындай кадрларды ұстап, смартфонға түсіру арқылы оған өзгеше реңк беру екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Осы орайда, кәсіп оқушыларының алғашқы жасаған жұмыстарымен әлеуметтік желілерде бөлісуде.