ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен кітап оқуды, мәдени құндылықтарымызды халыққа насихаттау мақсатында «Kitap Time — 2023» фестивалі бастау алған болатын. Рухани өмірден өрнек тапқан шараға барлық облыстар атсалысты. Әсіресе Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасы асқан белсенділікпен қатысты. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының алаңында жалпы республикалық «Kitap Time — 2023» фестивалі қыркүйек айында өткен болатын. Еліміз бойынша бір мезетте ұйымдастырылған шара мақсаты кітап оқу мәдениетін көтеру, әдеби кітаптарды насихаттау, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Кітапхана ұжымы шараны ерекше бөлімдермен керемет еткіп өткізді. Шараны аталған кітапхана директоры Жанат Шардарбекова ашып берді. Рухани орданың басшысы аталған шараның керемет өтуіне тілектестік білдіріп, оқырмандарға жылы лебізін жеткізді. Облыстық кітапхана ұжымы бұл шараны Түркістан және Кентау қалалық және Сауран аудандық кітапханаларымен бірлескен түрде ұйымдастырған болатын. Ерекше безендірілген кітап көрмесі келушілердің назарына ұсынылды. Рухани байлық негізі саналатын кітап көрмесіне қатысушылар өте көп болды. Балалар әдебиеті де басты назарда болды. Кішкентай оқырмандарға арналып жаңадан шыққан, әлі баспаның иісі де кетпеген су жаңа кітаптар ұсынылды. Бүлдіршіндер шараға қатысушылар назарына өлең оқып, би билеп керемет концерт қойып, өз өнерлерін ортаға салды. Фестивальге қатысушыларға «Ғажайып кітап әлемі» тақырыбында арнайы кітап көрмесі таныстырылды. Түрлі сарында кітаптармен ерекше етіп безендірілген көрме көздің жауын алады. Жаңадан шыққан кітаптарды назарға ұсынған жәрмеңке, «Автограф Time» сынды шаралар өткізілді. Бүгінде Түркістан облысы бойынша 396 кітапханалар жүйесі де бар. Олардың барлығы да биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған шараға біркісідей атсалысты. Әрбір кітапханада кітап оқуға шақыратын ерекше шара мен оқырманмен кездесулер ұйымдастырылды. Соның нәтижесі іспеттес облыстық кітапхана биік белесті бағындырып отыр. Күні кеше Ақтау қаласында Қазақстандық Кітапханалық Одақтың көшпелі жұмыс отырысы және Қ.Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының 50 жылдығына арналған «Кітапхана ісін дамытудағы заманауи әлемдік үдерістер» тақырыбында конференция өтті. Республика көлемінде өткізілген конференция барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Kitap Time» жалпы республикалық кітап фестивалі аясында іс-шараларды жоғары деңгейде өткізгені үшін Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы үздік деп танылды. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы кітапхана директоры Жанат Шардарбековаға сертификатты табыстады. Айта кетейік, былтыр аталған кітапхана директоры «Жыл кітапханашысы – 2022» атанған еді.