Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ашылған тұңғыш халықаралық университет тек еліміздің ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ қарашаңырағына айналып үлгерді. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи университетінің идеологиялық маңызы зор. Бұл оқу орны – түркітілдес елдер арасында іске асқан білім саласындағы ең алғашқы интеграциялық жоба. Бүгінде 30-дан астам ұлт пен ұлыс жастары келіп, ынтымақтастық алаңын құрған. Түркі әлемінің жастарының ортақ шаңырағына айналған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 19 елден келген ұлт пен ұлыстың жас буын өкілдері білім алуда. Жыл басында Ерекше мәртебеге ие болған жоғары оқу орны енді әлемдік ең үздік университеттер қатарынан орын алуды мақсат тұтады. Университет құрамындағы 10 факультет бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша маман даярлайды. Сонымен бірге, «Туризм», «Медицина», «Халықаралық байланыстар», «Теология» және «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша қосдипломды бағдарламаны жүзеге асырады. Студенттерді сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін оқу орны материалдық-техникалық базасын үнемі жаңартып отырады. Білімгерлерге негізінен Түркиядан және өзге де шетелден келген оқытушы-профессорлар сабақ береді. , 800-ден астам пән бойынша 1000-нан астам оқытушы-профессор құрамы дәріс жүргізіп, 10 000-ға жуық білімгер білім алып жүр. Түркия, Болгария, Венгрия, Албания, Босния, Герцеговина, Косово, Əзірбайжан, Ресей елдерінің студенттері еш кедергісіз университеттің қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы білім алуда. Қазіргі қашықтықтан білім беру жүйесінің сапасы соңғы нәтижелер көрсеткендей дәстүрлі білім беруден жоғары болмаса, кем еместігін көрсетіп отыр. Оқу орнының 600 мыңнан астам кітап қоры бар жеке кітапханасы, денсаулық сақтау мамандарының практикалық білімін шыңдайтын, әрі Түркістан өңірінің халқына қызмет ететін Клиника-диагностикалық орталығы, сондай-ақ 88 гектар аумақты қамтитын Ботаникалық бағы бар. Қазіргі таңда университет ғылыми жетістіктерімен және әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерімен мақтана алады. Оқу орны ғалымдар мен жас зерттеушілерді ынталандыру мақсатында белсенді жұмыс жүргізеді. Қазақстандық ғылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Іргетасы қаланған күннен бастап білім ордасы жоғары кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында 90 мыңнан астам шәкірт тәрбиелеп шығарды. Бүгінде олар түркі әлемі елдерінің бәрінде табысты еңбек етуде.