Әу бастан әйгілі: әйелдердің әңгімеге әуес екені рас. Ал, еркектерді ондай «ертегі» еліктірмейді. Оларға әңгіменің тоқ етері керек. Азаннан кешке дейін құлақтың құрыш етін жеп, ара құсап ызыңдай бергеннен де олар жалығады. Шаршайды. Тіпті, безіп, без теріп кетуге бар. Олардың құлаққа қонатынын ғана тыңдап, қалғанына мән бермей сүлесоқ қарайтыны тағы да рас. Оның үстіне еркек деген еркіндікті ұнатады. Өзінің отбасындағы басие екендігін дәлелдеуді, қашанда өзінің айтқаны орындалатынын олар әмәнда мақтаныш тұтады. Сондықтан әйелінің әмір бергенін олар қаламайды. Мұны олар қожайындығыма қол сұғу деп біледі. Оның ойынша әйел тек орындаушы, екінші орындағы адам. Әмәнда әйелінің әмір беруі әбден жүйкесін жұқартқанда аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп қалған деген еркегіңнің өзі де бір күні бомба құсап «жарылады». Психологтардың пайымдауынша, ер мен әйелдің арасын жақындастырып, жымдастырып жіберудің сан-түрлі амал айласы жетіп артылады екен. Мұның бәрі де болашаққа бірге ұшып бару үшін қажет қағидалар. «Әйелдің қырық қатпарлы қулығы бар» дейді емес пе?
ЕНДЕШЕ:
ӘЙЕЛ КҮЛСЕ, ӘЛЕМ КҮЛЕДІ
Қабағыңызды қарс түйіп, тұнжыраңқы жүру отағасының жүйкесіне тиеді. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт те болса серпіліп, күйеуіңізге керемет «климат» сыйлау қиын емес. Ол үшін жұмыстан шаршап, шалдығып келгенде, алдынан күндей күлімдеп шықсаңыз болғаны. Оның екі езуі екі құлағына жетіп, мұз сияқты ел-сел болып еріп жүре беруі әп-сәтте. «Әйел күлсе, әлем күледі» дегенді бір сәт те ұмытпаған жөн.
«ЕРКЕК АСҚАЗАНЫ АРҚЫЛЫ СҮЙЕДІ»
Ол рас. Тұзы татымаған, дәмсіз тамақтан жалыққан күйеуіңіз қолы епсекті, тіл үйірер тәтті тамақ пісіретіндерге аңсары аууы ғажап емес. Сондықтан да, асығыс үсігіс, жүрдім бардым әйтеуір бірдеңені шыж-быж істей салған дұрыс емес. Әсіресе, күйеуіңіз сүйсініп жейтін тағамдарды бар өнеріңізді салып дайындауды үйреніп алудың еш артықтығы жоқ. Ол үшін ықылас болса болғаны. Кітап деген жетерлік. Оның үстіне теледидарда да ас пісірудің қыр-сырын үйрететін бағдарламалар да көмектесе алады. Тіпті, болмаса бармағынан бал тамған аспаздардан ақыл кеңес алғанның да артықтығы жоқ.
«БҰЙРЫҚ ТАЛҚЫЛАНБАЙДЫ, ОРЫНДАЛАДЫ»
Отағасының айтқанын екі етпей орындауға ұмтылсаңыз, ұтылмайсыз. «Олай емес, бұлай болуы керек» деп қарсы майданға шығудың қажеті жоқ. Ондайда күйеуіңіздің қызуы 40 градусқа көтеріліп кетуі мүмкін. Ашуланған еркекті ешқашанда айқайласып жеңе алмайсыз. Оның да көңілін қалдырасыз, өзіңіздің де жүйкеңіз тозады. Ашуы басылғасын, «басеке, былай етсек қалай болар екен?» деп ойыңыздың тура екенін дәлелдей білсеңіз, ол жайылып сала береді.
«ҚАЙРАТЫ ҚАЙТПАСЫН…»
Майда-шүйдеге дейін мән беріңіз. Кейде қолым тимей жатыр деп оның қолына ожау ұстатудың қажеті жоқ. Оның ине ұстап отырғанын, кір жуғанын қалап тұрсаңыз да, оған жол бермеңіз. Біріншіден, қазан ошаққа жолаған еркектің қайраты қайтады. Екіншіден, асханада мықшыңдауды ешқандай еркек қаламайды. Олар үшін бұл ұсақ-түйек.
«ЕЛДІҢ ЕРКЕГІ…» ДЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ.
Қымбат тон алғыңыз келді. Құрбыларыңыздың бәрі киіп жүр. Сізде ғана жоқ. Бұл жерде «елдің еркегін көрдің бе?» деудің тіпті де қажеті жоқ. Өзінен мықты шыққанын еш еркек жаратпайды. Одан да бипаздап отырып, көзін жеткізіп айтсаңыз ғана мән береді. Әрі қымбат тонға деген қызығушылығыңызды «көрдің бе, пәленше әйеліне пәлен мыңның тонын әперіпті деп ел ертең шулайды» десеңіз жайылып түседі.
Ол бар жерде керегенің кең сияқты екенін сезіну үшін оған үнемі дем беріп отырған жөн…
Жан