Су ресурстары комитеті республикалық меншіктегі топтық су құбырларының жұмысын және дамытуды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта республика бойынша ұзындығы 15,5 мың км 80 топтық су құбыры болса, оның ішінде ұзындығы 13,4 мың км құрайтын 39 топтық су құбыры республика меншігінде. Олар 1,4 миллион тұрғыны бар 655 ауылдық елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша министрлік тарапынан 8 жобаны іске асыру жоспарлануда, онда 22,3 мың халқы бар 41 ауылдық елдімекенді қамтиды. Оның 3-уі Ақмола облысына тиесілі болса, 3 елдімекен Қызылорда облысына, 35 елдімекен Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Су ресурстары комитетінің негізгі міндеті — жергілікті су көздері жоқ елдімекендерге магистральды желіні тарту болса, одан әрі ағынды суды тиісті аймақтар мен тұрғындарға жеткізу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде.Осы орайда, баспасөз отырысына қатысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы еліміздегі халықты ауыз сумен қамту шаралары туралы баяндады. «Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген түрлі бағдарламалардың арқасында бүгінгі таңда халықтың суға деген қолжетімділігі 96,8% құрап отыр. Бұл 19,7 млн халықтың 19,1 млн-ы сумен толық қамтамасыз етілген дегенді білдіреді. Қалған азаматтарға 2025 жылдың соңына дейін толыққанды ауыз су қолжетімді болады.Тұщы жерасты суларының ресурстары оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Яғни, Түркістан облысында тұщы су қоры мол. Ол тұщы судың 57%-ын құрайды. Атырау, СҚО, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарының тұщы жерасты суларының ресурстары, өкінішке орай, шектеулі», — деді Ә. Пазылбекұлы. Конференция барысында ауыз су мәселелеріне қатысты сауалдар қойылып, оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпараттар берілді