Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов ауданның инвестициясы мен экономикасын, ауыл шаруашылығын ілгерілету бағытында, сондай-ақ мәселелерін тыңдау мақсатында бірнеше инвесторлармен кездесті. Олардың барлығы отандық бизнес өкілдері. Мысалы, RZN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен Бадам ауылдық округінде автоклавты газ блоктарын шығаратын зауыт салып жатыр. Жобаның құны 1,6 млрд.тг. Аталған өндіріс орны ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде жергілікті 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Сонымен қатар кездесуге Gold Aluminium ЖШС-ның өкілі де қатысып, алюминий бұйымдарын өндіретін зауыттың тамыз айында іске қосылатынын айтты. Бұл жобаның құны 3 млрд.тг.құрайды. Нәтижесінде 100-ге тарта адам жұмыспен қамтылады. Жалпы, аудан басшысының төрағалығымен өткен жиынға ағымдағы және 2024 жылы іске қосылатын “Arlan stroy” ЖШС (қыш зауыты), “Батсу Водоканал” ЖШС (қыш зауытын модернизациялау), “Fattah International company” ЖШС (стерильденіп оралып жеуге арналған дайын тағам), “ADS agro” ЖШС (ірі қара мал мен қой бордақылау алаңы), “Русагро” ӨК (қызанақ пастасын өндіру) және т.б. инвесторлар келді. Өз кезегінде аудан әкімі өз қаражаттарына өндіріс орнын және басқа да ірі жобаларды ауданда жүзеге асыруға ниет білдірген инвесторларға жан-жақты қолдаулардың көрсетілетіндігін айтып, бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтуды, ауданның салықтық түсімін көтеруге бет алған бизнес өкілдері тарапынан көтерілген мәселелерді заң аясында шешуге тапсырма берді.