Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, ағымдағы жылы атқарылар жұмыстарды баяндады. -Сызған ауыл округі тұрғындарының өтініштеріне орай тиісті жұмыстар жасалуда. Қозмолдақ елді мекенінің Момбеков көшесіне көше жарықтандыруы жүргізіліп, іске қосылды. Төреханов және Берістемұлы көшелері мен Басбұлақ елді мекенінің Басбұлақ-1 және Басбұлақ-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаржысы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сызған ауылындағы электр желілері мен трансформаторына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін де тиісті жұмыстар атқарылуда,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ауданда мал шаруашылығымен, құс шаруашылығымен айналысатындар басым. Олар тарапынан осы салаға қатысты бірнеше сауал қойылды. Аудан әкімі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді тілге тиек етті. Ашық аспан астында өткен жиында тұрғындар алдыңғы кездесулерде айтылған өтініштерінің аяқсыз қалмай, тиісті жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Бұл үшін алғыстарын жеткізіп, ағымдағы жылға бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев ақ батасын арнап, аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Аудан басшысы айтылған әрбір мәселені назарға алып, шешу жолдарын талқылап, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Есептік жиын соңында бірқатар тұрғындар жұмыс мәселесі бойынша жүгініп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.