Негізінен тау ағашы болып есептелетін аршаны бүгінде ірі қалаларымызды көркейту үшін де егетін болды. Яғни, ауылдық ағаш, қалалық атанып, жерсіндірілуде. Оның үстіне шетелден будандастыру амалымен өндірілген нешеме түрі егіліп жатыр. Оны жаңа жылдың ажарын ашатын бір күндік ағаш деп есептейтіндер қатты қателеседі. Қысы жазы бір түсте болатын арша мен шыршаның қоршаған ортаға тигізер пайдасы мол. Мәселен, ғалымдардың мәліметіне сүйенсек арша жылына орта есеппен 1 тоннадан аса шаңды жұтып, айналасына 1,5 мың литр оттегі бөліп шығарады екен. Ал, ғылыми зерттеулерге сүйенсек арша орманының 1 гектары жылына 18 миллион.м 3(куб) ауаны көміртегі газынан тазартып, 50-ден 65 тоннаға дейін шаң тозаңнан зиянды газдардан арылтып, сүзіп отыратын көрінеді. Осыдан-ақ арша ағашының адамзатқа тигізер пайдасын бағамдай беруге болар. Одан бөлек дәл осы арша ағашынан тұрмысқа қажетті нешетүрлі бұйымдар жасалынады. Музыкалық аспап жасалса, дауысы әуезді болып шығады. Қолөнер бұйымдарын жасауда да кеңінен пайдаланылады. Әсіресе таулы ауданның тұрғындарының арша ағашына деген «махаббаттарында» тіптен шек жоқ. Оның себебі төрт түлік малмен күнін көріп отырған халық сол төрт тұяқтыларының сүтін, айранға айналдырып, пісу үшін арша ағашынан күбі жасайды. Бұл ағаштың беріктігі сонша аптап ыстықта да арасы ашылып, қаңсып кетпейді. Иісі көпке дейін сақталады. Дәл осы аршадан жасалған күбіде пісілген қымыз бал татиды. Сондай-ақ, арша бөліп шығаратын шайырды жоғары технологиялық өңдеуден өткізіп, лак жасап шығарады. Медицинада да кеңінен қолданылады. Арша орманы орналасқан аймақ түрлі қауіп қатерден аулақ болады дейді мамандар. Себебі әртүрлі витаминдер, химия үшін шикізат, емге лайық таза ауамен қамтамасыз ететін оның пайдасы шашетектен десе де болады. Оның тау беткейіндегі топырақты тұрақтандырып, ылғалды сақтап қалуға да тигізер септігі мол. Арша ағашы ауаға оттегімен қоса ұшпалы заттар –фитиноцидтер бөліп шығарады. Олар айналасындағы ауру тудыратын микробтарды жойып жібереді. Яғни, бактериялар мен саңырауқұлақтарды өлтіретін фитиноцидтік қасиеті бары дәлелденді. Сондықтан да биолог-ғалымдардың арша ағашы өскен жерді нағыз жұмақ деп санауы тегін емес. Тянь-Шянь тауларының беткейінде тұтаса өскен Іле Алатауының шыршалы, аршалы ормандарын ғылыми тілде шөлдегі оазис деп атайды…
Бүгінде елімізде тұтастай арша ағашынан тұратын мұндай ормандар аз. Оңтүстіктегі Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аймағына кіретін Төле би, Түлкібас, Қазығұрт аудандарының таулы аумақтарының аумағында 4934,0 гектар тек арша ағашынан ғана тұратын орман бар. Қазіргі таңда парктегі тұқымбақта арша көшеттерін көбейтіп, өсіру қолға алынған. Осы мақсатта парктің Сайрамсу шатқалында аршаның тұқым учаскесі ашылған. Бұл өз кезегінде арша ағашының көбеюіне кепілдік береді. Алайда арша ағашына ынтық жандардың қатары азаймай отыр. Әсіресе жаз бен қыс маусымында аршаны арқалап кететіндер көп. Ара мен балтадан арашалау үшін әр аршаның түбіне қарауыл қоюға мүмкіндік жоқ. Маман жетіспейді. Бұған аз ғана айыппұлмен бөгет бола алмасымыз тағы анық. Мәселен, Швецияда бір арша мен шыршаны кескені үшін 5 000 доллар айыппұл салады екен. Осыдан кейін аршаны кеспек түгілі көргеннің өзінде айналып қашатыны анық. Көрші Ресей елінде де орман туралы заңы қатал. Бүгінде орман-тоғай мәселесі ғаламдық проблемаға айналып отыр. Сондықтан да аршаны аман сақтап қалу үшін қазірден қам жасау қажет-ақ. 2004 жылдары орман комитетінің маманы жылына 100 мың түптей арша мен шырша жаңажылдың сәнін кіргізу үшін қырқылады деген дерек келтіргені бар еді. Бүгінде қаншасы жаңа жылдың құрбандығына шалынатындығы туралы нақты дерек жоқ. Яғни, ешкім де есепке алып, санаққа іліктіріп жатқан жоқ деген сөз. «Қызыл кітаптың» төрінен орын алуы керек демегенмен де аршаға араша керек-ақ. Табиғатқа да, адамзатқа да тигізер пайдасы шаш етектен болатын арша ағашына қамқорлық қажет. Ол үшін нақты бағдарлама дайындалып, мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынуы тиіс…
Маман пікірі:
«Бүгінде арша ағашының өте сирек кездесетін бір түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Өсіп-өнуі қиындау ағашқа қамқорлық қажет-ақ. Оны одан ары дамыту үшін бірқатар шаруалар қолға алынуда. Дегенмен әлі де атқарылар шаруалар баршылық. Арша ағашын кесуге құмбыл «қарақшылармен» күрес тоқтамайды. Парктің аумағына жақын маңдағы елді-мекен тұрғындарымен түсінік жұмыстарын жүргізіп тұрамыз»
Арша-ақпарат
Бүгінде тау аршаларының ТМД елдері аймағында 20-дан астам түрі, Қазақстанда 10 түрі өседі. Олардың арасында Қызыл, сауыр, Дробов, Талас және Сібір атты түрлері бар.
Аршаға – араша
ҚР Әкімшілік кодексінің талаптарына сай тауда өсетін аршаны заңсыз кескені үшін мемлекеттік қызметкерлер мен жеке кәсіпкерлерге 50-70, ал, жеке тұлғаларға 25-30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.