Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында жылыжай шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың қатары көп. елімізде жоқ ерекше өсімдік өсірумен айналысатындары да баршылық. Ауданда цитрустық жемістер өсіретін шаруашылықтар да жетерлік. Лимон, банан көшетін жерсіндіріп, өнімін алып отырғандар қатары қалың. Одан бөлек басым бөлігі қияр, қызанақ, болгар бұрышын өсіреді. Одан кейін раушан гүлін өсірумен айналсатындар да жоқ емес. Елімізде сирек кездесетін альстромерия гүлі Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылында өсіріледі. Жергілікті бағбан Жәмила Ырысова ерекше күтімді қажет ететін сәндік өсімдікті жерсіндіріп үлгерген. «Тұқымын Өзбекстаннан тапсырыспен алдырдым. Негізінен, перу лалагүлі – Оңтүстік Америка мен Голландияда ғана өсетін нәзік гүл. Бір рет егілген өнім үш жыл бойы өнім береді», – деді Ж. Ырысова. Перу лалагүлін өсіру оңай шаруа емес: күндіз-түні белгілі бір температураны – 14-16 градус жылу деңгейін ұстап тұру керек. Күн көзінің көп түспеуін қадағалап, қажет болған кезде көлеңкелеу қажет. Егер тым ыстық болса, бүршіктер қурап кетеді. Суды да мөлшерден тыс құюға болмайды. Тамшылатып суару қажеттігі туындайды. Альстромерия – Латын Америкасының тропиктік табиғатында өсетін нәзік гүл. Жақсы күтім болса, сабағының ұзындығы бір жарым метр биіктікке жететін көрінеді. Түс¬тері ақ, қызғылт, қызғылт сары, өрік түстес, қызыл, түрлі-түсті болып келеді екен. Бұл кәсіппен 6 жылдан бері айналысып келеді. Мұнда 3 түрлі гүл өседі. Басым бөлігі осы «альстромерия» деп аталатын гүл. Алғашқыда үй ауласында гүл өсіруден басталған кәсіп бүгінде отбасылық бизнеске айналған. 6 сотық жылыжайдың аумағы 22 сотыққа ұлғайған. Отбасының барлық мүшесі осы жылыжайда еңбек етіп, нәпақасын тауып отыр.