Су ресурстарын дамыту бүгінде басты назарда тұр. Бүгін Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов Ақбиік ауылдық округінде жұмыс сапарымен болып, округке қарасты Ақбиік, Сарытөр және Құлан ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, аймақтағы өзекті мәселелердің түйінің шешу жолдарын талқылады. Елді мекендердегі өзекті мәселенің бірі ауыз су тапшылығы. Биыл Сарытөр ауылынан жаңадан су жинағыш қойма соғылып, су мұнарасы орнатылуда. Нысан шілде айына дейін толық пайдалануға берілмек. Ақбиік ауылының су жүйесіне жаңа фильтір орнатылып, су айдайтын насосы жаңартылмақ. Ал, Құлан ауылы жаңа су жинағыш қойманы салуды қажет етеді. Нұржан Жақсылықұлы аталған жұмысты бірінші кезекке қойып, сметалық құжаттарын дайындап, мәслихат сессиясына жауапты бөлім басшысына ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар, кездесу барысында тұрғындар тарапынан Ақбиік ауылына жаңа спорт нысаның, Құлан ауылына мәдениет үйін соғу, жол, интернетке қатысты мәселелер көтеріліп, аудан басшысы тарапынан толық жауап берілді. Кездесуді пайдаланып аудан әкімі ауыл тұрғындарына тазалық және ауыз суды мақсатсыз пайдалануды алдын алу мақсатында халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді сұранды.