Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылығындағы биылғы жеткен табысы толағай. Астық та, майлы дақыл, бау бақша өнімдері молынан жиналды. Ал малға азық болар жем-шөптің көрсеткіші де жоғары. Биыл 3 миллион тонна шөп жинау межеленген болатын. Аудандардың арасында Сарыағаш ауданы оқ бойы озық тұр. Мұнда — 324,8 мың шөп жиналған. Ал, Сайрам ауданында — 297,5 мың, Бәйдiбекте — 240 мың және Қазығұрт ауданында 212 мың тонна шөп шабылған. Таулы аудандар Түлкібас, Төлеби аудандарында мал азығына жоңышқа орылып жиналып алынды. Былтыр жаңбыр аз жауғанының себебінен құрғақшылық болып, шөп шықпай шаруаны біраз шаршатқаны рас. Шөп қоры таусылар шақ қыс айларында шөптің бағасы тым қымбаттап кеткен болатын. Биылғы көктемде жаңбырдың мол түсуінен шөп бітік шығып, шаруаларды қуантып тастаған болатын. Ала жаздай шөп шапқан шаруалар қыстық мал азығын молынан жинап алды. Таулы аймақтағы аудандардың дені қыс бойы мал бордақылаумен айналысатыны белгілі. Биылғы шөп қоры мол. Сондай-ақ малдық азықтың бір түрі жем мәселесін де шешіп алған шаруалар. Құрама жем мен шөп мал бордақылау, ет өндiру iсiн ілгерілетіп отыр. Жемнің өзін шеттен тасымай алдағы уақытта облыстың өзінде өндірілгелі отыр. «Оңтүстiк-Батыс мал және өсiмдiк шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мамандарының кеңесiмен 18 түрлi құрама жем шығаратын арнайы өндiрiс орны ашылмақ. Бұл мал шаруашылығы саласының өгіз аяңын селт еткізерліктей тың жоба болмақ.