(жалғасы)
Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» демалыс аймағы да жұмысшы топтың назарынан тыс қалған жоқ. Облыс тұрғындары мен қонақтары үшін барлық жағдайы жасалған аймақта жергілікті 120 адам екі ауысымда жұмыс істеп, келушілерге қызмет етеді. Екі жылдан бері нарықта жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерге облыс әкімі қолдағы бар жағдайды қаржы көзіне тиімді айналдырып, шетелдік және жергілікті компаниялармен, оқу орындары, зауыт, фабрикалар сынды құрылымдармен келісім-шарт жасап, отандық туризмді дамытып, бизнесті өркендету керектігін ұсынды. Мұнан соң, өңір басшысы аудан орталығы – Ленгердегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, кеңес алушы болашақ кәсіпкерлермен тілдесті. Жауапты мамандарға жедел әрі тиімді қызмет көрсетуді тапсырған Жансейіт Қансейітұлы бизнесті бастаушы азаматтардың жұмысына сәттілік тіледі. Төлебидің әкімі Бұхарбай Парманов жыл басынан бері атқарылған ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндады. Қорытынды сөзді алған аймақ басшысы Төлебидегі бірқатар салалар бойынша ескертпелер жасады. Таулы аймақтағы туризм саласын одан әрі дамытып, бюджетке түсетін салық көлемін арттыруды тапсырған бірінші басшы бұл ретте, жерді тиімді пайдаланып, одан экологиялық таза, табиғи өнімді алу керектігіне назар аударды. Сонымен бірге, әрбір мемлекеттік қызметкер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, өңіріміздің өсіп, өркендеуінде патриот болуға шақырды.