Бүгінде экономикалық өсімге аудандар ғана емес сондай ақ кішігірім ауылдар да үлес қосуда. Тамшыдан теңіз құралатыны іспетті ауыл аймақтардағы атқарылып жатқан ілкімді істер жетерлік. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркібас ауданы Түлкібас поселкелік округінде агроқұрылыммен айналысатын барлық жер көлемі 880 гектарды құрайды. Оның ішінде — 417 га айдалмалы жер. 141 га суармалы, 463 га — жайылым, елді мекен жері — 187 га. Поселке аумағында 18 шаруа қожалығы бар, оның жалпы көлемі — 285 га. Биыл ол жерлерге мақсары, арпа, күздік бидай, жоңышқа егіліп, диқандар қауымы одан ойдағыдай өнім алды. Алмасымен аты шыққан Түлкібаста бау өсірумен айналысатын шаруашылықтар көбейіп келеді. Солардың бірі алма бау егу жұмыстары бойынша Аманкүл Дүйсенбиева тау бөктерінен 1,25 гектар жерге 2 500 түп алма көшеттерін қондырып, тамшылатып суғару тәсілін жүзеге асырды. Алдағы уақытта тағы да алма көшеттерін өсіріп, шаруашылығын кеңейтпек ниетте. Тауға жақын ауылдардың шөбі шүйгін, оты қалың. Қолдағы малдың қоңды болатыны да сондықтан. Мал шаруашылығына да қолайлы аймақ болғандықтан бүгінде мал басын көбейтіп, бордақылаумени айналысып жатқандардың қарасы қалың. Шаруаларға жақсы таныс “Сыбаға” бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер А.Шериевке жұмысын одан әрі қарай дамыту үшін аудандық жер қатынастар бөлімінен 200 га жайылымдық жер конкурс арқылы беру үшін ұсынылды. Ал С.Сейсенбаева “Сыбаға” бағдарламасы бойынша “Ангус” пародалы бұқа алып, шаруашылығын жүргізуде. Бұдан бөлек “Ырыс” микронесие және “Түлкібас несие серіктестігі” ұйымынан 19 азамат мал бордақылау алаңын ашу үшін 40 млн. 200 мың теңгені 7 пайызбен алып, жұмыстарын жалғастыруда.