Қайырымдылық шараларының көшбасында жүретін жастар бұл жолы да ерледі. Оңтүстік Қазақстан облысының білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жанынан құрылған «Бізбен бірге!» еріктілер мектебі «Өзгеге өмір сыйла» атты акция өткізді. Қоғамда болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей қадағалап отыратын, басына іс түсіп қиналған, дертіне дауа таба алмай жанұшырған жандарға үнемі қолдау көрсетіп отыратын белсенді жастар бұл жолы қолдауға мұқтаж жандарға қол ұшын бермекке бел буыпты. Әрине, жастардың жақсылық жасауға ұмтылуы қуантады. Онсыз да мейірімге мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға бел бууы расында жастар арасында тез қолдау тапты. Бұл жолы ерікті жастардан құралған топ облыстық қан орталығында қан тапсыруға үндеу тастады. Донор болуға атсалысқандардың басым бөлігі жастар. Әлеуметтік желілерде сауын айтып шақырған шараға шамамен 200- ден астам студент қатысты. Олардың бәрі де ауруымен арпалысып, өмір үшін күресіп жатқан жандарға сәл де болса септігімізді тигізейік деген ниетпен жиналған жастар. Акция барысында белсенді жастар 70 литр қан тапсырды. Өзгелерге үлгі боларлық сауапты іске мұрындық болған жастардың бұл бастамасына қан орталығының қызметкерлері де үлкен қолдау білдірді. Жастардың әрқайсы 450 мг қан тапсырды. Ал қан орталығы тарапынан әр донорға 450 теңге берілді. Бұл қаражат ешкімнің де қалтасын қампайтпайтыны анық. Сондықтан да жастар ақылдаса келе бұл ақшаны балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге көмек ретінде жібергенді жөн деп шешті. Әрі қан тапсырып ауыр науқастарға үміт отын сыйласа, бір жағынан тағы да бір сауапты іс жасады. Балалар үйінің тәрбиеленушілері алдыңғы толқын аға-апаларының бұл ісіне аса қуанатыны сөзсіз. Бұл шарадан кейін олар қайырымдылық жасаудың ізгі қасиет екенін ұғары тағы анық. Белсенді жастар донор болуға өзгелерді де үндеу мақсатында осы шараны қолға алып отыр. Кез-келген уақытта қанға деген зәрулік туындауы мүмкін. Алдын ала жасалған осындай шаралардың арқасында қаншама адамның өмірін сақтап қалуға болады. Облыстық қан орталығы мамандарының берген мәліметінше, орталық қорында қан жеткілікті. Облыс бойынша күн сайын 60-70 адам өз еркімен келіп қан тапсырады екен. Қан тапсырудың адам денсаулығына пайдасы орасан зор. Денсаулығы мықты, кері көрсетілімі бар кейбір аурумен ауырмаған адам белгілі бір уақыт аралығында қан тапсырып отырса, оның денсаулығы жақсара түседі. Дәстүрлі медицина мамандары ғана емес, халық медицинасымен айналысатын адамдар да мұны құптайды. Бұл денсаулықты жақсарту үшін ғана емес, өзгелердің өмірін сақтап қалуға болатын сауапты іс. Елімізде 600-ден астам бала лейкоз ауруымен есепте тұр. Баланың аурудан сауығуы үшін кем дегенде 500 донордың көмегі керек. Бұл дертпен ауыратын науқасқа қажетті донорды табу оңайға соқпайды. Сәйкес донор он мың адамның біреуінен ғана табылуы мүмкін екен. Сондықтан да аурумен алысып жатқан балаларға сәйкес донор болып, оның өмірін сақтап қалуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан да сауапты іске атсалысқан жөн. Облыстық жастар орталығының жанынан құрылған «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің құрылғанына 1 жыл толды жуырда. Аз ғана уақыттың ішінде қаншама адамға көмек қолын созған жастарың жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Әрі мақтауға тұрарлық та. Мейірімге де, көмекке де мұқтаж жандарға қамқорлық танытқан жастар өз істеріне жарнама жасамайды. Әрі мақтау күткен емес. Оған зәру де емес. Мақсаттары тек қана адамдарға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету. Еріктілер тобында жұмыс атқарып жүрген әрбір жас қоғамда көмекке зәру жандарға қол ұшын беруге дайын тұрады. Әрине көмек күткен жандардың барлығын қамту мүмкін емес. Солай болса да жастар қолдарынанан келгенше қамқорлық танытуда. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да еріктілер тобы мыңдаған жастарды біріктіре отырып, жүздеген қайырымдылық шаралардың ұйытқысы болды. Жастар қамқорлық танытқан жандардың барлығы да жүрегіне жылу ұялап, үміт сыйлағаны үшін оларға алғыстарын жаудыруда. Игі істің басы бұл ғана емес, бұдан алдын еріктілер тобы балалар мен қарттарға көмек көрсетіп, жағдайы төмен отбасылар мен көмекке зәру жандардың алғысына бөленді.
Связанные истории
18.01.2021
26375
26.02.2020
26532