Бүгінгі жастардың өткен тарихымыздан хабардар болып, арғы бергі шежірені жатқан соғуы үшін оларға танымдық, тағлымдық кештердің берері мол. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасы осындай игі іске мұрындық болуда. Жуырда аталмыш кітапханада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 игі іс-шара» жобасы аясында Ордабасыдағы үш жүздің басы қосылғанына 290 жыл толуына арналған «Әруақ қонып, нар шөккен жер» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Шара барысында облыс орталығындағы Ұлықбек атындағы №3 жалпы орта мектеп, №52 мектеп-лицей оқушыларына тарихтың терең қойнауына еніп, қазақ халқының үш төбе билері Төле би, Әйтеке би, Қазыбек билердің Ордабасыда бас қосып, үш жүздің басын қосып, елін, жерін жау шапқыншылығынан аман алып қалғаны туралы мағлұмат берілді. №52 мектеп-лицейдің 8 «Г» сынып оқушылары М.Бексұлтан,Д.Сейіт, Ж.Асқарбек, М.Рахымберді, Н.Абділамит «Ордабасыдағы кездесу» тақырыбында сахналық қойылым дайындапты. Жасөсіпімдердің біліміне білім қосатын мұнда шаралардың берері көп әрине. Олар ата-баба тарихының бүге-шүгесіне дейін осындай танымдық кештерден үлкен тәлім алып жатады. Ал №3 мектептің 8-10 оқушылары И.Еламан, Г.Еламан, Я.Бейдалиева, А.Болысбекова Тәуелсіздікке, туған жерге арналған патриоттық өлеңдерден әдеби монтаж ұсынды. Еліміздің осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерін жіпке моншақ тізгендей әдемі әдіптей білді.