Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульетта» спектаклінің премьерасы өтеді. Бұл театр репертуарына қосылған кезекті классикалық шығарма. Аталмыш туындыны Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев аударған. Қойылым режиссері – бірнеше халықаралық және республикалық театр фестивалінің лауреаты, 30-дан астам спектакль режиссері Дина Жұмабаева.
Түркістан музыкалық драма театры әлемге әйгілі туындыны заманауи бағытта сахналамақ. Оған қоса, танымал таланттар мен жас театрдың беделді әртістері қойылымды хореографиялық композициялармен көркемдеп, әсерлі әуенмен жаңаша бағытта көрсетпек. Айта кетейік, спектакльде басты рөлдерді театрдың төл әртістері сомдайды. Трагедияға толы спектакльдің премьерасы Түркістан музыкалық драма театрында 4-5 мамыр күндері сағат 19:00-де өтеді.