Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті жұмыс сапарында Бәйдібек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ауданның активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Ауданның дамуына кері әсерін тигізіп отырған кемшіліктер мен кедергілер бүкпесіз айтылып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берілді. – Жаңа форматта жұмыс істеуге көшу керек. Бюджеттің мүмкіндігіне ғана үміт артып отыра бермей, қолдан келетін тазалық, абаттандыру секілді мәселелерді шешуге болады. Ауданның даму жоспарын айта қарап, басынан әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте әр ауданның ерекшелігі назарға алынып, басым бағыттары анықталуы керек. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, барлық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Кіріс көлемін арттыру, жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу аса маңызды. Ауданға жеке инвестицияларды тарту бойынша нақты жобалар ұсыныңыз. Даму бағыттары бойынша ізденіңіздер. Біз қолдауға дайынбыз. Жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға бет бұру қажет, – деді Дархан Сатыбалды. Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту жұмыстарын зерделеу нәтижесімен таныстырып, өзекті мәселелерді қозғады. Деректерді сөйлетіп, жұмысты ширату жөнінде ұсыныстарын берді. Ауданда Мемлекет басшысының индустрияландыру саясатын іске асыру мақсатында жұмыс баяу. Мәселен, өткен жылы облыстың индустрияландыру картасын өзектендіру үшін кемінде екі инвестициялық жоба ұсыну міндеттелген. Бұл тапсырма орындалмаған. Осыған байланысты облыс әкімі тарапынан ауданда инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін кемінде 20 инвестициялық жобаны ұсыну жөнінде тапсырма берілді. – Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Оның ішінде жастардың арасында жұмыссыздықты жоюға ерекше көңіл бөлу қажет. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Тұрақты жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға» бағдарламаларын елге түсіндіріп, игілігін көрсету керек, – деген өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасын да сапалы атқару керектігін ескертті. Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбековтің атқарған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Оның айтуынша, былтыр ауданда 55,8 млрд. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,7 млрд. теңгеге артқан. 2023 жылы 11 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде агроөнеркәсіп бағытында – 6 жоба, қайта өңдеу мен кәсіпкерлік саласы – 2 жоба, туризм бойынша қызмет көрсету орындары – 3 жоба. Дархан Сатыбалды жұмыс сапарында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына орнатылған компьютерлік томография қондырғысын көрді. Жаңадан ашылған инсулть орталығының жұмысымен танысты. Supria 128 «FUJIFILM Corp» құрылғысы жергілікті бюджеттен қаржыландырылған. Денсаулық сақтау саласындағы жұмысты да жандандыру керектігін айтқан өңір басшысы жауаптыларға өз міндеттерін адал әрі сапалы атқару, Бәйдібек ауданындағы күрделі мәселелерді шешу, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеу, елдің өтініштерін заңға сай орындау жөнінде тапсырма берді.