Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалі жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, теңге ілу, аударыспақ, жекпе-жек және жамбы ату мен саятшылық бойынша жеңімпаздар белгілі болды. Түркістан облысының спортшылары барлық спорт түрі бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Қазақ күресінен жалпыкомандалық 1-орынды алса, тенге ілуде де түркістандықтар ешкімге дес бермей, 1-орыннан көрінді. Сондай-ақ жерлестеріміз жамбы атуда 3 алтын қанжығалап, командалық 1-орынды иеленді. Тоғызқұмалақ сайысында әйелдер құрамасы 1-орын, ал, ерлер құрамасы 8-орынмен аяқтады. Сонымен қатар аударыспақтан жалпыкомандалық 2-орынды еншілеп, кестедегі ұпай санын жақсарта түсті. Ал жекпе-жек спортынан Түркістан облысының құрамасы командалық 2-орыннан көрінді. Бұл сында жерлестеріміз 3 алтын, 5 қола медаль олжалады. Көкпар, асық ату спорт түрлерінде командаларымыз жүлделі орындардан көріне алмады. Енді республикалық Ұлттық спорт фестивалін көкпар, дәстүрлі садақ ату, аламан бәйге спорт түрлері қорытындылайды.