Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне арналған дәстүрлі республикалық «Жайдарман» ойыны өтті. Әдемі әзіл мен тапқырлықтың тың үлгісін көрсеткен ойынға Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Арқалық қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысының үздік командалары қатысты. Есен Елеукен, Қазақстан КВН одағының президенті: «Атаулы жарысқа 10 команда қатысуда, оның ішінде 5 команда Оңтүстік Қазақстан облысынан. Жарыстың басты мақсаты жергілікті командаларды жігерлендіру, тәжірибе арттыруына септесу болып табылады». Жүлде қоры да қомақты, бас жүлдені иеленгендерге 300 мың теңге, екінші орынға 200 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңге. Көрмендерді күлкіге көміп, қазылар алқасының көңілінен шыққан Оңтүстік Қазақстан облысының «Байдың балалары» командасы бас жүлдені иеленіп, 300 мың қанжығасына байлады. Екінші орын Қызылорда облысынан келген құрамаға бұйырды. Сыр елінің командасына 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілсе, ал үздік үштіктен көрінген Шымкент қаласының «Алақай-Балақай» командасы 100 000 теңгелік арнайы сыйақымен марапатталды. Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы жастарының саны жағынан елімізде көш бастап тұр. Нақтырақ айтсақ, күнгейдегі жастардың саны 800 мыңға жетіп жығалады.