Оңтүстік Қазақстан облысының орталығындағы Абай кітапханасында жас қалам иелері жазушы, ақын Атанбек Наурызбен кездесті. Атаулы мәдени шараға қатысқан жастардың қарасы қалың болды. Басқосу кеш иесінің 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Рухани жаңғыру, ұлттық кодты сақтауды негізге алғандар Елбасы мақаласын қолдау пікірлерімен бөлісті. Отты ой, уытты шығармаларымен кеңінен танылған жазушының журналистикада да өзіндік қолтаңбасы бар. Атпал азамат… жазған дүниенің қадірі кете жаздаған тоқсаныншы, тоқырау жылдарда да ұлт идеологиясы үшін бар күшін сарп етті. «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде талай жыл талмай еңбектенді. Қаламгер қатарластары кешегі әдебиеттің қиындығын бүгінгінің мүмкіндігімен салыстырды. Оқырманды терең ойға жетелейтін татымды дүние жазуға үндеді. «Тұла бойы тұнған өнер». Осындай тақырыпта өрбіген кеште ақынның кітаптары мен жазған туындылары талданды. Жастарға берер тағылымы мен тәрбиелік мәні айтылды. Жиын қос буынның әдебиет саласы бойынша тәжірибе алмасуына жарады. Бірнеше прозалық және поэзиялық кітаптың авторы Атамбек Наурыз туындылары терең ойлы, кең мағыналы. 60-ты алқымдаған ақынның өлең-жырлары кез-келген жас қаламгерге өмірлік азық.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы