«Туған жер – алтын бесігім» атты облыстық өнер фестивалі аясында Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданының өнерпаздары Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ақ босағаң – арың» спектаклін сахналады.
Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында қойылған қойылымда ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастар тақырыбы терең қозғалды. Шығармадағы басты кейіпкер Жөкен — Толасбайдың әкесі қаладағы балаларына қонаққа келеді. Бірақ оған ешкім қуанышты емес. Толасбай мен оның әйелі Файрузаның өмірдегі негізгі мақсаты – мансап қуу.
Толасбаймен болған жағдай, кез-келген адамның басына түсуі мүмкін. Қойылым көрермендерді ата-аналарын, туған-туысқандарын сыйлауға, туған жердің топырағын бағалауға шақырды. Көрермендеріне рухани азық сыйлаған отырарлық өнерпаздар өздеріне берілген рөлдерді шебер сомдап, нағыз кәсіби мамандар екендіктерін дәлелдеді. Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесін қозғаған туынды көрермендерді бей жай қалдырмады. Әртістердің өз ролдерін шебер сомдауы, сахнаның безендірілуі, тұщымды диалог, туындының шарықтау шегі бәрі бәрі де бір бірімен үйлесімді шыққан. Ұнасымды қойылым көрермен көңілінен шықты.