«Мұқаңдар жоқ. Мұқаңдардың сарқыты…». Қазақтың қара өлеңін Мұқағалиша кие тұтқан жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы осы тақырыппен әдеби — сазды шығармашылық кешін өткізді. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында өткен кешке жиналғандардың қарасы қалың болды. Онда жас таланттың уытты шығармалары орындалып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Салтанатты шараға руханияттың шамын жағып жүрген жазушылар мен ақындар, Қазақ эстрадасының көрнекі өкілдері қатысты. Қостұраның етегінен түлеп ұшқан ақын Мұқағали Кенжетайұлының есімі өлеңсүйер қауымға жақсы таныс. Бала кезден бастап, ақ қағаз бен қара қаламды жанына серік еткен оның терең барған тақырыптары сан тарау. Жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін басып, адалдық, патриоттық сезімдерге жетелеп, сарғайған сағыныштың ауылын аралатады. Жүректің назды үнімен, көңілдің сазды әуенімен өзге бір әлемге жетелейді. Әдеби кеште ақынның өнердегі әріптестері әннен шашу шашып, кештің сәнін кіргізді. Мұқағалидың шығармашылығын сыйлайтын, құрметтейтін аға буын өкілдері ізгі тілектерін жолдады. Қара өлеңнен қасиет түйген жас ақын өз туындысын өзі оқып та, жұрт жанына жылылық сыйлады. Көңіл түпкірінен қайнап шыққан шығармаларды оқырман ерекше ықыласпен тыңдады. Мұзарт таудың мұзбалағы Мұқағалиша қазақтың қара өлеңін шекпен кигізіп, қайтаратын қалам иесінің… алар асуы, бағындырар белесі — алда. Өлең өлкесіне, жыр биігіне ғашық ұлға әдебиетсүйер қауым ақ батасын арнады. Қаламы мұқалмасын тіледі.
НҰРКЕН Күзербаев