
«Бизнес кеңістігінде кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін, жөн-жосықсыз құқықтық нормалар бар. Оларды жою – бастапқы кезектегі іс». Кәсіпкер азаматтармен өткен кездесуде облыс прокурорының орынбасары Жанболат Туғанбаев осы төңірегінде айтты. Бизнестің өркендеуіне тосқауыл болатын жағдайларды жіті назарға алды. Кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғау — прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі. Жиында заңсыз тексерулер мен әкімшілік кедергілерді анықтау, прокуратура органдарымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесі сөз болды. Оңтүстік Қазақстан облыс прокурорының орынбасары бизнес өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, әкімшілік кедергілерді жою бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Айта кетейік, облысымызда 130 мыңнан астам кәсіпкер бар. Облыстық кәсіпкерлік палатасы оларды қауымдастыққа біріктіріп, сала бойынша жіктемек. Мәселен, мейрамханасы бар азаматтарды бір арнаға топтастырып, ал, жылыжай ашқан шаруалар үшін ассоциация құрмақ. Осылайша, атамекендіктер бизнес өкілдерінің ішкі нарықты қамту көрсеткіші мен экспорттық әлеуетін бағамдамақ. Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер енді туындаған күрделі мәселелерімен бірыңғай call-center-ге 99-80-10 нөмірі бойынша хабарласа алады. Қоңыраудан кейін кәсіпкерге қажет болса, шұғыл түрде прокуратура және Облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерінен құрылған байланыс топ келеді. Бұл жедел байланыс желісі кәсіпкер тап болған қиындықтарды тез арада шешуге септігін тигізбек.
CАТТАР Есімбеков