Тағылымды істен танбаған түлкібастықтар тарлан тұлғаларын ардақтауда да белсенді. Ел президентінің Рухани жаңғыру бағдарламасында атап көрсеткеніндей: «Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр». Тәуелсіздікті жақындатып, ұлт болашағы үшін аянып қалмаған ел анасы Хадиша Бақтыбаеваның да еңбегі ерен, өмірі өнеге Балалық бал шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген ана еңбекке ерте араласты. Қара жұмыстан қажыған емес. Тылда сауыншы болды. Еркегі жаумен жағаласып жүрген елдің аузын аққа тигізді. Еселі еңбек еткен батыр ананың бұл әрекеті — жастарға үлгі-өнеге. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт бастаған ел ағалары еңбегі ердің ісіне баланған ақжаулықтының сыр сандығын ақтарды. Оңтүстік Қазақстан облыстық «Ерлік» мұражайының ұйымдастыруымен өткен кеш ән мен күйге көмкерілді. От ауыз, орақтілді ақындар жағы абзал анаға арнап, жырдан шашу шашты. «Ел — жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс». Бұл — Елбасы сөзі. Ұлттық кодын сақтай отырып, қоғамдық сананы жаңғыртуға жол салған ел шара аясында тағылымды ой түйді. Тайлы-тұяғымен жиналып, Хадиша Бақтыбаеваның өткеннен түйгенін тыңдап, ерлігін ескерді. Төсбелгімен марапаттап, құрмет көрсетті.
ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы