Оңтүстік Қазақсатн облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының қабылданғанына 20 жыл толуына және Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Фестивальге келген жергілікті тұрғындар аудандағы славян, өзбек, түрік, тәжік, ұйғыр, иран, корей, неміс этномәдени бірлестіктері дайындаған көрмені тамашалады. Мемлекеттік тіл мен барша қазақстандықтардың ұлттық тілдерін насихаттауды көздеген мерекелік шараға аудан басшылығы арнайы қатысты. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Қайрат Абдуалиев тұрғындарды мерекемен құттықтап, тілдерді дамыту саласында тындырымды тірлік атқарып жүрген бірқатар азаматтарды алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Іс-шара этномәдени бірлестіктер мен өнер ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Еске салайық, Сарыағаш ауданында 325 мыңнан астам тұрғын тұрады. Аудан әкімдігіндегі тіл саласына жауапты мамандардың айтуынша, олардың 96,8 пайызы мемлекеттік тілді, 15 пайызы ағылшын тілін меңгерген. Ауданда тілдерді оқыту орталығы жұмыс жасайды. Тіл үйренуге ниетті тұрғындар аталған орталыққа барып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін оқып-үйрене алады. Сондай-ақ, орталықта «Қазтест» жүйесі арқылы диагностикалық тестілеуден өтуге мүмкіндік қарастырылған.