«Болмасаң да, ұқсап бақ»… Тәуелсіздік алғаннан бері тұңғыш Елбасының құрметіне қойылған Нұрсұлтан есімдері күрт көбейген. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, ел егемендік алған 25 жылда 31 810 Нұрсұлтан өмірге келген. Соның 10 265-і Оңтүстік Қазақстанда тұрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Әзірге, бұл сандармен өзге аймақ теңесе алмайды. Облыстың бас арнасы «Қазақстан — Шымкент» телеарнасының өзінде аталған есімді иемденген талантты екі журналист бар. Олар — Нұрсұлтан Әбдірашит және Нұрсұлтан Мұхаммеджанұлы. Қос Нұрсұлтан да еңбекке епті. Ізденіппаз. Азан шақырып қойған есім, Елбасы болмысындағы үздік қасиеттердің өз бойларында да көрініс табуына септеседі деп сенеді. Ал, екінші орынды 4585 Нұрсұлтанмен Алматы облысы жалғайды. Тиісінше, Жамбылда 3 940 және Қызылорда облысында 3 081 адам Елбасымен аттас. Мемлекет басшысы тұратын бас қаламызда бар болғаны 2 528 Нұрсұлтан бар. Бұл тізімнің соңында Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Мұнда егемендік алған тұстан Нұрсұлтан атанғандар 483 қана. Елбасымызды Нұрсұлтан деп атаған Мырзабала әженің айтуынша, бір есімге біріккен екі сөз де құраннан алынған. Астананың туған күніне тарту ретінде Шымкентте ұйымдастырылған Нұрсұлтандардың хорына 100 жасөспірімді жинау қиынға соқпады. Оңтүстік өрендерінің сахнада Президентімізге арнаған ән-шашуы әлі күнге ел есінде.
ДАНА Мырзақадір