Бүгін ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Бастар Есқараев Оңтүстік Қазақстан облысын мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің 70 пайызы мемлекеттің тілді еркін меңгергенін мәлім етті. Оның айтуынша, облыста 106 этнос өкілдері тұрады. Сол этнос өкілдерінің басым бөлігіне өз ана тілінде білім алуына мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстануға толық жағдай жасалған. Өңірімізде өтетін түрлі мәдени шараларда этнос өкілдері тек ана тілімізде ән шырқап, өлең оқиды.
«Оңтүстік Қазақстан облысы – ұлттар мен ұлыстардың ең көп шоғырлануымен, ең бастысы олардың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрінің сақталуымен ерекшеленеді. Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдерінің ересек тұрғындарының үлесі 70 пайызды құрайды. Ал өңірде жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген тұрғындардың үлесі – 92,1% болса, 63 % орыс тілін, ал, ағылшын тілін білетіндер – 14 %-ға жетіп отыр»,-деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, баспасөз конференциясында спикер облыста 20 этномәдени бірлестіктердің жанында он бір жексенбілік мектеп жұмыс жасайтынын атап өтті. Яғни, ол мектептердегі он бес топта 1065 этнос өкілі өз ана тілдерін оқып-үйренуде екен. Жалпы облыстағы барлық аудан, қалаларда мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын 14 орталық жұмыс істейді. Оларда осы жылдың жеті айында 7209 азамат білім алған.