Биыл ел тарихында өзіндік орны бар мемлекет қайраткері, Қазақстаннан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың туғанына 125 жыл! Тарихта артынан өшпестей із қалдырған толағай тұлғаның елге сіңірген еңбегі ұмытылмайды. Бүгінде Төреқұловтың есімі көшелер мен мектептерге беріліп лайықты құрмет көрсетілуде. ОҚО Мақтарал ауданы, Асықата кенті № 121 — мектепте мемлекет қайраткеріне ескерткіш бюсті ашылды. Мәдени шараға қатысқандардың қарасы қалың болды. Өз елін сүйген ұлға елінің құрметі толастамайды. Нәзір Төреқұловтың қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі ұшан — теңіз. Бірнеше тілді қатар меңгерген полиглот. Ағартушы ғалым латын қарпін енгізуші ретінде тарихымызда орын алған. Қазақтан шыққан тұңғыш елші. Ғалым Исмаилов – Мақтарал ауданы әкімі «Совет заманындағы Сауд Аравиясымен екі ортадағы елшілік қызметін атқарған кезде ол кісі осы совет одағы мен Сауд Аравиясының карольдығының арасында үлкен өзгерістер енгізген үлкен жұмыстар істеген дипломат. Оның бір айғағы ретінде айтып кететін мәселе сол сауд Аравиясындағы бүкіл әлемдердің дипломаттарының ішіндегі мына каролдің алдына кіру үшін осы союздің дипломаты Нәзір Төреқұловтың рұқсатымен кіріп отырған деген деректеме бар. Осының өзі ол кісінің сол қызметте жүргендегі өзінің қандай дәрежеде екенін көрсетіп тұр». Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Қоқан қаласының Байбұтта қыстағында дүниеге келген. Қоғам ардақтысы 1919-1922 жылдары Түркістан Республикасының Компартиясы Орталық Комитетінің төрағасы болды. Дәл сол тұста патшалық Ресейдің бодауында әбден езілген жергілікті ұлттарға шын жанашырлық жасады. Орталық атқару комитетінің жанынан қазақ, өзбек, түркімен бөлімдерін аштырды. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулықтар жазды. Ел үшін, қазақ үшін басын бәйгеге тікті. Исраил Сапарбай – ақын, драматург «Біртуар адам, бірегегей адам. Бұндай адамдар өмірге ілеуде бірақ келеді. Соның басқа басқа мына өзіміздің топырағымызда келгендігін, сондықтан да бүгін соны ұлықтап жатырмыз., рухты ұлықтап жатырмыз. Рухты ұлықтаған халық ел қашанда еңсесі жерге қарамайды. Тәуелсіздік алғалы бері, мысалы қанша 25 жылдан асып кетті. Содан бері енді дамып келе жатырмыз. Міне 25 жыл кейін рух қайта оянды. Ол кісілер оянды». Жиында қонақтар Нәзір Төреқұловтың өмірінен сыр шертетін мұражаймен танысты. Соңғы жылдары Нәзірдің қайраткерлігі жөнінде конференциялар өткізіліп, азды-көпті мақалалар, кітаптар жарық көруде. Ұлы тұлғаның жарқын, жұлдызды ғұмыры болашақ ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге бола бермек.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы