2017 жылдың 22 қыркүйек күні Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің кітапхана бөлмесінің оқырмандар залында «Ұлт руханиятының жаршысы» тақырыбында фото-кітап көрмесі ашылды.
Атаулы көрме белгілі шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, филология ғылымдарының докторы Дербісәлі Шейх Әбсаттар қажы Бағысбайұлының 70 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Көрме экспозициясына тақырыпқа сай 50-ден астам кітап және фотолар қойылған. Онда «Шыңырау бұлақтар», «Қазақ даласының жұлдыздары» атты шығармалары және т.б. мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалары ұсынылған. Руханият саласында талай жылдардан бері түрлі зерттеулер жүргізіп келе жатқан әдебиет зерттеушісі соңғы уақытта жарыққа шыққан еңбектерімен көп. Оннан астам тарихи-филологиялық зерттеулер мен эсселердің, очерктердің авторы Ә.Дербісәлі болашақ ұрпақ үшін үлкен іс атқарып жүр. Ежелгі Отырар қаласынан 30 Фарабидің шыққанын алға тартқан Ә.Дербісәлі Қазақстанның әрбір қаласы, соның ішінде Оңтүстіктегі әрбір шаһар терең тарихи сырды қойнауына бүгіп жатқанын меңзейді. Демек, алаштың дархан даласы қазына, байлығынан бөлек, рухани байлығы тасыған мекен екенін өз еңбектерімен тағы бір дәлелдеген шығыстанушы келешек ұрпақ үшін әлі де ізденуден талмайтыны анық. Әбсаттар Бағысбайұлы Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мақаласындағы тапсырмаларын жүзеге асыруда жақсы бастама екенін тілге тиек етті.