ОҚО Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің кітапхана бөлмесінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғырудың бір кепілі − көне кітаптар» тақырыбында кітаптар көрмесінің тұсаукесері өтті.
Көрменің ашылу салтанатына Отырар қорық-мұражайы директорының кеңесшісі Нұртаза Алдабергенов, бас қор сақтаушы Ералы Шоқай, қалалық С.Ерубаев музейінің меңгерушісі А.Бостанов, қалалық Н.Оңдасынов музейінің меңгерушісі Д.Керімбекова, тарихи-мәдени этнографиялық орталығының қызметкерлері, Түркістан қалалық өзбек этномәдени орталығының мүшелері, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дің тарих факультетінің студенттері, қала қонақтары, БАҚ өкілдері және музей қызметкерлері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір атаулы көрменің маңыздылығын айта келе, еліміздің музейлер қорында сақталған көне кітаптар мен қолжазбалар халқымыздың санғасырлық рухани байлығы екенін, сонымен бірге, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани байлықтарымызды бағамдап, болашақ ұрпақ кәдесіне жеткізуге баса назар аударылғандығын атап өтті. Сөз соңында көрме ұйымдастырушыларға Түркістан қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің алғысхаттарымен марапаттады.
Отырар қорық-музейі директорының кеңесшісі Нұртаза Алдабергенов қасиетті Рамазан айында рухани жазбалардың Қожа Ахмет Яссауи кесенесі төрінде көрменің ашылуында үлкен мән жатқандығын жеткізіп, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне алғыс білдірді.
Көрмеге Отырар қорық-мұражайы қорында сақталған ХІХ-ХХ ғасырларға тән бірегей кітап, қолжазбалар қойылды. Жәдігерлер бір ай бойы жұрт назарына ұсынылады.
Д.ҚОЖАМҰРАТОВ,
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкері