ОҚО Түркiстан қаласының өнерпаздары мен мәдениет қызметкерлерi Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Оңтүстiк Қазақстан облысының 85 жылдығы, ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесi мен «Түркiстан – түркi әлемiнiң мәдени астанасы» жылына орай «Туған жер – алтын бесiгiм» атты облыстық фестивалiн өткiздi. Алдымен Оңтүстiк жұрты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Түркiстаным – Тұраным» атты концерттiк бағдарламаны тамашалады. Онда «Иассы» халықтық фольклорлық ансамблi мен «Дильшод» халықтық ән-би ансамблi өнер көрсеттi. Одан соң қала жұртшылығы Орталық саябаққа қарай ағылды. Мұнда тоқтаған қазақ, өзбек, славян, түрiк этномәдени бiрлестiктерiнiң өнер керуенi өнерлерiн ортаға салды.
Түсте қала тұрғындары облыстық әзiл-сықақ және сатира театрында сахналанған жазушы Елтай Бимағамбетовтiң «Үлкен қателiк» қойылымын тамашалады. Оқиға жарымжан жары мен үш перзентiн тастап, қу дүниенiң жетегiнде кеткен ананың өмiрiн арқау еткен. Ер азаматтың жарына деген бойын кернеген ызасы, балалардың өздерiнен безген анаға деген жек көру сезiмi мен махаббаты, шаңырағына қайта оралған ананың өкiнiшi көпшiлiкке ой салып қана қоймай, көрерменнiң көзiне жас үйiрдi.
Мақпал Төребек