![](https://saq.kz/wp-content/uploads/2024/01/0gXvghZsU76MaJDb8bYy9kG4xtGgQYaE6kyhStX1.jpg)
Түркістандықтар «Туған жер – алтын бесiгiм» атты Оңтүстік Қазақстан облыстық фестивалі аясында «Отырар» ғылыми-әмбебап кiтапханасында Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, республикалық «Дәстүр» журналының бас редакторы, Түркiстанның тумасы, ақын Қасымхан Бегмановпен кездесу болды. «Дәстүр: Кеше. Бүгiн. Ертең» тақырыбында өткен жүздесуде түркiстандық өнерпаздар ақынның туындыларын жатқа оқыды. Ақын Мұстафа Шоқай экспедициясы туралы тың зерттеулерiне тоқталып, көрермендер қойған сауалдарға жауап бердi.
Сонымен қатар Наурыз алаңында ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жәрмеңкесi өттi. Онда 20 тоннаға жуық өнiм нарықтағыдан төмен бағаға сатылды. Ал, түркiстандық жастар ұйымдастырған флешмоб қалың көпшiлiкке көтерiңкi көңiл-күй сыйласа, алаңда құрылған 16 киiз үйде «Ауылым – алтын бесiгiм» атты ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты көрiнiстер көрсетiлдi. Мұнда көршi ауылға ұзатылған қыздың тойына ауылдың дайындығы, тойға келген жастардың ән салып, «Аужар» айтуы, ұзатылар қыздың сыңсуы, ел-жұртымен қоштасуы, ақ жаулықты ананың бата беруi, жастардың айтысуы әдемi көрiнiс тапқан. Сондай-ақ, қала тұрғындары Қ.А.Ясауи атындағы «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының, «Қасиеттi, киелi мекен – Түркiстан» тақырыбындағы көшпелi көрмесiн тамашалады.
Ал, кешкi гала-концерттiң шымылдығын облыстық мәдениет басқармасы басшысының мiндетiн атқарушы Ғалия Шарафиева ашып, өнерпаздарға сәттiлiк тiледi. Концертте тарихи қойылымдар қойылып, ақын-жазушылардың өлең-жырлары оқылды. Жыр-термелер орындалды. Осылайша Түркiстан қаласының облыстағы мәдени күндерi мәресiне жеттi.
Мақпал ТӨРЕБЕК