ОҚО Төлеби ауданындағы Жамбыл ауылдық клубында мәдениет мекемелерi қызметкерлерiнiң семинар-кеңесi өттi. Басқосудың шымылдығы Жамбыл ауылдық клубы өнерпаздарының концерттiк бағдарламасымен ашылып, Жалбиевтер отбасылық ансамблi көпшiлiк алдында өнер көрсеттi.
Биылғы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп берген клуб меңгерушiсi А.Жалбиева осы уақыт аралығында 35 мәдени-көпшiлiк iс-шара ұйымдастырылғанын баяндады. Ауыл клубында 4 үйiрме жұмыс iстейдi. Би және әуен үйiрмесiне қатысушылар түрлi деңгейдегi байқауларда жеңiмпаз атанып жүр. «Бұраңбел» бишiлер тобы өз өнерiмен көрермендердi тәнтi етуде. Жамбы атудан, нысана көздеуден халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесiне орай ұйымдастырылған ұлттық ойындарда ауыл тұрғыны Ералхан Айкөзов мергендiгiмен, шабандоздығымен танылып, жеңiмпаз атанды, Венгрияда өткен халықаралық жарыста ел намысын қорғады. Бiр айта кетерлiгi, шағын ауылдағы мәдениет ошағы жастар арасында құсбегiлiк өнердi насихаттауды қолға алыпты. Клуб ғимаратында Жамбыл ауылының бұрынғы және бүгiнгi өмiрiнен сыр шертетiн фотостендiлер қойылған. Мұнда өнер иелерiмен ғана емес, ауған соғысы ардагерлерiмен де кездесу ұйымдастырылып тұрады. Жазушы Мамытбек Қалдыбаев, ақын Сатыбалды Дулати, меценат Ақжол Асқаров, ақын әрi қоғам қайраткерi, марқұм Қуаныш Төлеметов, өнер жұлдыздары Гүлнәр Сиқымбаева мен Байғали Есенәлиевтiң өнер жолына қанат қағуына кезiнде осы ауыл клубы көп септiгiн тигiзген.
Аудан мәдениетiнiң дамуына сүбелi үлес қосқан Ә.Кембаев пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы К.Жолымбек соңғы кездерi ауыл клубтарына мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отырғанын әңгiмеледi. Басқосуға Алматыдан арнайы келген ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi, әншi әрi актер Б.Есенәлиев өнер жолын осы ауыл клубынан бастағанын, алғаш сахнаға шыққандағы әсерi жайлы қызықты етiп әңгiмелеп бердi.
– Ауданымызда 18 мәдениет үйi мен клуб жұмыс iстейдi. Ал, ауыл өнерпаздары арасында түрлi деңгейдегi байқауларда мерейiмiздi үстем етiп жүрген өнерпаздар көп. Дәстүрлi «Мәдениетiм – мерейiм» облыстық байқауында ауданымыздың мәдениет қызметкерлерi алғашқы үш орыннан төмендеген емес. Осының өзi аудан мәдениетiнiң дамуы қандай дәрежеде екенiн айғақтайды, – дедi семинарды қорытындылаған аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң меңгерушiсi Ә.Әсiлбек.
О.СҮТТIБАЕВ