Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының ұжымы,театр тұлғасы ұлы режиссер ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Халық артисі, профессор Ерғали Сиябекұлы Оразымбетовтың рухына тағзым ретінде, режиссердің 2003 жылы сахналаған Ә.Ақпанбеттің «Түнгі Көбелектер» драмасын қайта өңдеп ұсынбақ.
Бүгінгі күнді белінен басып қалғысы келіп, ардың ала жібін аттаған жан, өмір жолында зауалына ұшырарын ойлайды ма?!
Әлсейіт Ақпанбеттің «Түнгі көбелектер» драмасы – «барында оралыңның, ойна да күл»-ін мейлінше арзандатып, уақыттан амалын асырғысы келген аға буынның жеңіл жүрісті аңсағаннан туындаған қақтығысты оқиғасы, «жеңілдің асты, ауырдың үстімен» күн көруді меңгерген тәнін сатқан қыздар жайында. Қалтадағы ақшасының буына бөккен әкелер, елірген көңілін көтертпекке тапсырыспен шақырған кәнизәк, жақыны болып шықса қайтер еді?! Азғындыққа ұшыраған адамдар, басынан кешкен сәттік ләззәті – тағдырына балта болып шабыларын білді ма?..
Міне, осындай сан-алуан сұрақтарға жауап іздететін драманың көрерменге берері мол болмақ.
Қойылымның режиссері — Е.С.оразымбетовтың аяулы жары театр актрисасы Ақжарқын Нұртазина. Қоюшы суретші — ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов. Театрдың көркемдік жетекшісі – Жұмабек Есимов.