Ұлттық сананы жаңғырту – дамуға даңғыл жол. Оған қоғам бір кісідей атсалыспақ. Президент мақаласында айтылған 6 бағытқа байланысты ОҚО дағы «Ерлік» музейінің ұжымы жұмысын жүйелеген. Аптаның әр сәрсенбісінде «100 жаңа есім» бастамасының жүзеге асуына ықпал етуде. Бұл жолы жастар ардагер журналист, мемлекет қайраткері Дәулет қажы Исабекұлымен кездесті. «Отанды сүю — иманнан» атты мәдени шараға қатысқандардың қарасы қалың болды. Дәулет қажы – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с. а. у) мазарының басына түнеген жалғыз қазақ. «Қазақ Совет энциклопедиясының 12- томының авторы. Имандылығы әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған Дәулет қажы журналистика саласына да сара жол салды. Еңбек жолы «Түркістан» аудандық газетінде бастаған ол «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тапжылмай 20 жыл қызмет етті. Жеті Президентпен сұхбаттасты. Зейнетке шыққан соң, өз үйін мешітке айналдырды. Ұлттың саналы түрде жаһандық үрдістерге бейімделуіне түстік өңірдің ардагерлері үлкен үлес қосып жатыр. Бүгінгі кеш — соның айғағы. Ардагерлер «Қазақстандағы жаңа 100 есім» бағытының жүзеге асуы маңызды» деп есептейді. Игі бастама жаңа есімдерді тануға жол ашады. Бұл ретте Дәулет қажы Исабекұлының жүріп өткен жолы — өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сырласу сағаты тарихи тағылымды рухани дүниемен астасты. Ұлттық сананы жаңғыртуға білек сыбана кіріскен аға буын жастардан ақылын аяған жоқ. Уақыт пен замана тәуелсіз Қазақстанды бүгін биік белеске шығарды. Барша әлемге танытты. Өркениеттер бәйгесінде жас мемлекеттерге жанудан гөрі, лезде өшу қаупі зор. Сондықтан, етек-жеңді жинап, еңсені тіктеу қажет. Ел үшін, Атамекен жер үшін бойдағы күш-қуатты сарқа жұмсайтын сәт жетті.
Г. Қалмырзақызы