Шырайлы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» кітапханасының қос қабатты жаңа ғимаратының сән-салтанаты театрға көбірек ұқсайды. Осындай бірегей кітапхана қабырғалары мен баспалдақтарының мәрмәрдан жасалуы бұл ғимараттың сән-салтанатын арттыра түскені сөзсіз. Кітапхана қорында 550 мыңнан астам кітап бар екен. Кітап санының айтарлықтай бөлігі мемлекеттік тіл – қазақ тіліндегі кітаптардан тұратыны қуантады. Бірнеше жыл бұрын оңтүстікқазақстандықтардың пайдалануына берілген осы ғажайып кітапхананың бірінші қабатымен танысып, араласаңыз, онда мұрағат, каталогтар мен абонементтер залдары және интернет-кабинет жұмыс жасайтынын көресіз. «Отырар» деген әйгілі тарихи атаумен аталған бұл кітапхананың кең, жарық, жайлы оқу залдары туралы да айтпай кеткен болмас. Ғажайыптары көп облысымыздың мәдениет басқармасына қарасты бас кітапханасы болып табылатын бұл руханият ордасының үш оқу залы бар. Осы залдардың үлкені кітапхана ғимаратының екінші қабатында орналасқан. Ғимаратының сәулеттік келбеті ерекше «Отырар» кітапханасында кітап сақтау үшін барлық жағдайлар жасалған. Кітапхана ғимараты мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қолжетімді. Мүгедектер арбасына таңылған жандарға кітапхана ғимаратының әр қабатына көтеріліп-түсу мүмкіндіктері қарастырылған.
Төлеген АХМЕТОВ