Ашылғанына көп уақыт өте қоймаған Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа Неке сарайын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Сарай күмбезі қалыңдықтың бас киімі – сәукеле секілді болып келген. Шымкентте көптен бері салтанатты некеге тұру орны болмағандықтан, жаңадан салынған Неке сарайы Оңтүстік Қазақстан облысының халқына үлкен сый болды. Тек Шымкент қаласында ғана ай сайын 300 жас отбасы тіркеуге тұрады.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Береке-А» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып берген Шымкенттегі Неке сарайының ашылуы және оған Елбасының қатысуы оңтүстікқазақстандықтарға аса үлкен қуаныш сыйлаған еді. Сол күні некелері қиылған жас жұбайларға Нұрсұлтан Әбішұлы бақытты отбасылық ғұмыр тілеген болатын. Бұл күн жас жұбайлар жадында үйленген күні ретінде, сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысымен кездесіп, ақ батасын алған күн ретінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Неке отбасының, ал отбасы қоғамның негізі екенін ескерсек, облыс орталығында ғажайып, сәулетті Неке сарайының болуы өркениетке ілескен өңір үшін өте маңызды. Қол ұстасқан екі жастың отбасылық өмірге қадам жасау сәтінің сәулеті сүйсіндіретін, әсем сарайда өтуі ғажап қой.
Төлеген Ахметов