фото ШӨКҚ
Мемлекет басшысы өткен аптада АҚШ-қа жұмыс сапары барысында «Boeing» трансұлттық корпорациясының басшыларымен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында серіктестік аясын кеңейту, оның ішінде Қазақстанның әуе тасымалдаушыларына, оның ішінде «SCAT» әуекомпаниясына қосымша ұшақтарды жеткізу, техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мәселелері талқыланды.
Бүгін Шымкентте еліміздегі алғашқы «MRO SCAT» авиациялық-техникалық орталығының құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, «SCAT» әуекомпаниясының басшылығы және «Boeing» трансұлттық корпорациясының өкілдері қатысты.
Қала әкімі бұл жобаның жүзеге асырылуы Шымкенттің авиациялық хаб ретінде елдегі маңызды рөлін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әуе кемелеріне қызмет көрсету саласында заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кету керек, бұл кешенде әуе кемелеріне толық қызмет көрсету және жөндеуге арналған заманауи ангарлар болады.
Сонымен қатар, Шымкент әуежайын заманауи мультимодальды хабқа айналдыру жөніндегі Президент тапсырмаларын орындау аясында өткен жылы екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталды.
Жаңа ұшу-қону жолағы қалыптасып келе жатқан көлік торабының негізгі элементі болмақ. Оның техникалық сипаттамасы әуе кемелерінің жүк көтергіштігі мен ұшу қарқындылығы шектелмей кез келгенін күрделі метеорологиялық жағдайларда да қабылдауға мүмкіндік береді.
